Атырау, 25 сәуір 12:47
 ашықВ Атырау +26
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

Қылмыстық-түзету жүйесінің бұрынғы бастығы мен оның екі қызметкері жазаға тартылды

5 013 просмотра

Мамырдың 27-де сот облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы Марат ДӘУЛЕТОВКЕ және оның қызметкерлеріне қатысты үкім шығарды. Атыраулық колониядан молдавиялық бизнесмен Сергей КОРНЕГРУЦАНЫҢ «қашуына» байланысты аты шулы істі ҚР Бас прокуратурасының бақылауымен арнайы топ тергеген еді. Ал бұл істі қарау атыраулық судьяларға емес, олардың Оралдағы әріпестеріне тапсырылған болатын.

МҰНАЙ, САЯСАТ ЖӘНЕ ТҮРМЕ

Қазақстанда Молдова азаматы Сергей Корнегруца «Казполмунай» компаниясына басшылық еткен. Бұл компания «Толкыннефтегаз» компаниясымен бірге  молдавиялық миллиардер Анатол СТАТИ билік ететін молдавиялық-румындық өнеркәсіптік «Ascom-Grup» қаржылық тобына кіреді.

Молдова билігі бизнесмен Анатол Стати мен оның айналасындағыларды 2009 жылы сәуірде парламент сайлауы кезінде көшеде тәртіпсіздіктер ұйымдастырған молдавиялық оппозицияны қаржыландырды деп күдіктенген болатын. Кишиневте орын алған сәуірдегі оқиғадан соң қазақстандық күш құрылымдары Маңғыстау облысындағы шағын ғана Толқын және Боранкөл кеніштерін он жылдан аса табысты игеріп келе жатқан  «Ascom-Grup» тобының қазақстандық екі еншілес кәсіпорындары - «Казполмунай» мен «Толкыннефтегаз» компанияларын көз қырына алды.

Ал 2009 жылғы сәуірдің аяғына қарай қаржы полициясы Қазақстандағы Анатоли Статидің сенімді өкілі – «Казполмунай» компаниясының бас директоры Сергей Корнегруцаны («Толкыннефтегаз» басшысы жасырынып үлгерді) тұтқындаған еді. Сол кезде ҚР ақпарат агенттіктері, қаржы полициясының жорамалы бойынша Корнегруца «21 миллиард 675 миллион теңге сомасында заңсыз түрде табыс тауып, магистралды газ және мұнай құбырларын лицензиясыз пайдалануды жүзеге асырған», - деп хабар таратқан болатын.

2009 жылғы қазанда Ақтаудағы сот Корнегруцаны «заңсыз кәсіпкерлік» бабы бойынша кінәлі деп танып, мүлкін тәркілеумен бірге жалпы режимдегі колонияда төрт жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарған. Ал осылайша иесіз қалған кеніш «ҚазМұнайГаз» ҰК-на беріледі.

Жазасының бір бөлігін өтеген Корнегруцаны еркін жүріп-тұру мүмкіндігіне ие болатын – Балықшы поселкесіндегі су полициясының ғимаратына қарама-қарсы орналасқан атыраулық колонияға ауыстырады. Бұл жерде де ол ұзақ отырған жоқ. Кешікпей бизнесмен шартты мерзімінен бұрын бостандыққа шығуға «келісім» алып, сот шешімінің заңды күшіне енуін күтпестен, «тергеу барысында анықталмаған құжаттар» бойынша Атырау-Алматы-Стамбул-Кишинев бағыты бойынша Атыраудан ұшып кеткен. Ал ақыр аяғында колония бастығы Берік ЕСМАҒАМБЕТОВ, осы колонияның қызметкері Айдын МЕҢДІҒАЛИЕВ, сондай-ақ Атырау облыстық қылмыстық-түзету жүйесі департаментінің бастығы Марат ДӘУЛЕТОВ айыптылар орындығына отырды.

ЖЫЛДАМ КЕЛГЕН БОСТАНДЫҚ

Тергеу ісі анықтаған жайттарға тоқталайық.

Сот алдында Корнегруцаны шартты мерзімінен бұрын босату жөніндегі өтінішхат бойынша шешім 2010 жылдың 26-тамызында колония бастығы Есмағамбетов төрағалық еткен және осы мекеменің қызметкерлері мүше болған УГ157/10 комиссиясының отырысында қабылданған. Олар Ақтау сотының үкімі бойынша Корнегруца басшылық еткен «Казполмұнай» ЖШС-нен «қылмыстық жолмен жеткен негізсіз баю нәтижесі ретінде» 21 миллиард теңге өндіріліп алынуы тиіс екендігін қаперден шығарып алған.

Сол күні, 26-тамызда шартты мерзімінен бұрын босату туралы шешім Қылмыстық-түзету жүйесі департаментінің жұмыс тобына міндетті қарауға жіберілместен, заңдылығын тексеру үшін прокуратураға жолданған. Облыс прокурорының көмекшісі Р.ОРАЗАЛИН мен облыс прокурорының бірінші орынбасары Б.ҚҰЛЖАНОВ шешімгеқарсы болмаған. (Айтпақшы, Құлжановтың орнында қазір облыстың бұрынғы прокуроры Б.СМАТЛАЕВ). Содан соң, шамамен сол күнгі түс әлетінде Құлжанов өтіншхатты №2 қалалық сотқа («Рахат» маңындағы) қарауға жіберген. Екі сағаттан соң сот төрағасы Парасат ҚҰТҚОЖА оны қанағаттандырған.

Адам қызығарлық шапшаңдық дерсің. Жарты күн ішінде шартты мерзімінен бұрын босату өтініші мақұлданған. Ал келесі күні қаулы заңды күшіне енетін 15 күннің өтуін күтпестен, Корнегруца Атыраудан ұшып кеткен.

Күтпеген жерден прокурордың орынбасары Құлжанов облыстық соттың апелляциялық алқасына қарсылық енгізген. Сөйтсе, аяқ асты мемлекетке өтелмеген әлгі 21 миллиард «естеріне түсе» қалған екен. Осылайша колонияда дүрбелең басталады. Енді қалай ету керек? Корнегруцаның орнына апелляциялық инстанцияның сотына кімді апаруға болады?

АЙЫП ОРЫНДЫҒЫНДА – ЖАЛҒАН ТҰЛҒА

Колония қызметкерлерінің тапқырлығын айтсаңызшы. 13-қыркүйекте алқа отырысына олар басқа тұтқынды – 259-шы «есірткі» бабы бойынша жазасын өтеп жатқан және сырт келбеті Корнегруцаға ұқсайтын әлдебір БУГРЕЕВ дегенді әкелген. Тергеу жорамалы бойынша, Есмағамбетов пен Айдын Меңдіғалиев өз құзырындағы тұтқынның дәрменсіздігін пайдаланып, оны осы комедияны ойнауға мәжбүр еткен. Сөйтіп, қойылым сәтті өтеді. Алайда сот бұл жолы шартты мерзімінен бұрын босату туралы шешім күшін жояды. Дегенмен, мұның маңызы да шамалы болатын. Өйткені бұл жерде Корнегруцаның ізі де қалмаған еді.

Айтпақшы, осы тәсілмен ҚР Бас прокурорының аға көмекшісі К.МҰХАМЕТЖАНОВТЫ да алдаған. Ол сол айда УГ157/10 мекемесінде Корнегруцаны босату шешімінің заңдылығына тексеру жүргізген еді. Бұл тексеру, бейресми дереккөздердің хабарлауынша, кездейсоқ болмаған. Оған  «Венера» деген бүркеніш аты бар әлдебір таныстың ақпараты себеп болған. Ал бостандыққа шыққан Корнегруца колонияның құжаттары бойынша осы уақыт бойына жазасын өтеп жатқан тұтқын ретінде есепте болған.

Бүкіл құпия анықталған кезде (қылмысты ҰҚКД қызметкерлері анықтаған), алдымен колония қызметкері А.Меңдіғалиев (2010 жылдың 26-қазанында), оның соңынан (3-қарашада) Б.Есмағамбетов, ал 6-желтоқсанда М.Дәулетов ұсталып, уақытша тергеу изоляторына алынған. Алайда тиесілі үш тәулік өткеннен кейін сот оны қамауға алуға рұқсат бермеді. Қаулыда сотқа Дәулетовтің істегі куәгерлерге қысым көрсететіндігі туралы қандай да болмасын дәлел ұсынылмағандығы, оны алдын ала тергеу ісіне кедергі келтіреді немесе қашып кетеді деп пайымдауға негіз жоқ екендігі айтылған. Дегенмен де, сот процесі басталған уақытта 2011 жылдың 24-ақпанында Дәулетовті тұтқынға алды.

Бұдан басқа, тергеу барысында басқа да анықталған жағымсыз жайттар – Есмағамбетов пен Дәулетов өздерінің қызметтік лауазымдарының арқасында сотталғандарды өз мақсаттарына пайдаланған. Мәселен, 2009 жылдың күзінде УГ157/10 мекемесінің бес тұрғыны Алмалы поселкесіндегі Дәулетовтің туысқанының үйінде цемент тұтастырғы (стяжка) құйып, монша салып, жер учаскесінің айналасына дуал тұрғызған.

МҮЛКІМЕН БІРГЕ ЖАЗАҒА ТАРТЫЛДЫ

Сөйтіп сот Есмағамбетов пен Меңдіғалиевті «Қызмет өкілеттігін теріс пайдалану» және «Билікті немесе қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану» баптары бойынша кінәлі деп танып, олардың мүлкін тәркілеумен бірге жалпы режимдегі колонияда үш жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Дәулетовті «Салақтық» және «Билікті немесе қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану» баптары бойынша мүлкін тәркілеумен бірге, жазасын өтеу үшін жалпы режимдегі колонияға екі жылға соттады. Тергеу ісі Дәулетовті өзіне сеніп тапсырылған мекеме қызметін жауапсыздықпен атқарған, мекемесінде не боп жатқандығынан бейхабар болған, бағыныштыларының осындай қулық әрекеттер жасауларына мүмкіндік беріп, қызметіне ыждағаттылықпен қарамаған және ұқыпсыздық танытқан деп тапты. Прокуратура атынан мемлекеттік айыптаушы соттан айыптылар үшін 5 жылдан 6 жылға дейінгі мерзімде жаза беруін сұраған.

Сонда Сергей Корнегруца не себепті тез арада бостандыққа шықты? Осы сұраққа тергеу ісі де жауап бере алмады.

Біз бірден екі айыптыны (Есмағамбетов пен Меңдғалиевті) қорғаған адвокат Нұрлан ЖОЛБОЛОВҚА хабарласқан едік. Алайда ол түсінік беруден бас тартып, үкімнің заңды күшіне әлі енбегенін, өзінің үкімді бұздыру туралы шағым беретінін айтты.

Лев ГУЗИКОВ

2 маусым 2011, 02:32

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.