Атырау, 20 маусым 06:51
 ашықВ Атырау +24
$ 519.55
€ 596.03
₽ 6.63

Таласқа түскен жер

2 238 рет қаралды

– Үш жыл бұрын жер телімін сатып алдым. Бірақ қаржылық жағдайға байланысты үй құрылысын биыл ғана бастадым. Өз жер теліміме келіп, онда үй салынып тұрғанын көргенде, таң қалдым. Көршім бәрін шатастырып алыпты. Мемлекеттік акт бойынша оған менің жерімнің қасындағы телім тиесілі. Мен оған жер телімімді сатып алуды ұсындым, бірақ ол үйді аяқтап қалғанын айтып, бас тартып отыр. Бұл жағдайда қалай болмақ?

Телефон арқылы

Сұраққа «Слово Защиты» адвокаттық кеңсесінің заңгері Аслан ЖОЛБОЛОВ түсінік берді:

– Осындай жағымсыз жағдай, өкінішке орай, соңғы кездері жиі орын алып жүр. Көбінесе бұған жер телімінің координаттары (телімдердің шекарасы) мен аралық белгілерді орнататын жерге орналастыру мекемелері қызметкерлерінің қателіктері себеп болып жатады. Ықтимал сатып алушыны телімнің орналасуына қатысты қасақана шатастыратын жағдайлар да болады. Мұнда сатып алушыға анағұрлым жақсы, қолайлы жердегі жер телімін көрсетеді. Ал іс жүзінде нақты телім көршілес көшеде болуы мүмкін.

Қалай болғанда да, ҚР-ның қолданыстағы заңнамасы бойынша сіздің көршіңіз сізге тиесілі телімге өз бетінше құрылыс салған болып шығады.

Азаматтық кодекстің 244-бабына сәйкес, қажеттi рұқсат алынбай салынған тұрғын үй, басқа қора-қопсы, құрылыс немесе өзге де қозғалмайтын мүлiк өз бетiмен салынған құрылыс болып табылады. Өз бетінше үй салған сіздің көршіңіз үйді салып болсын-болмасын, оған меншік құқығын ала алмайды. Оның бұл құрылысқа билік етуге – оны сатуға, тарту етуге, жалға беруге, басқа да келісімдер жасауға құқығы жоқ. Сіздің талабыңыз бойынша өз бетінше салынған аталмыш құрылысты оны жүзеге асырған тұлға, яғни, көршіңіз күреуі тиіс.

Көршіңізге өз бетінше салған құрылысты ерікті түрде күреу және сіздің жер теліміңізді босату туралы жазбаша ұсыныс жолдаңыз. Міндетті түрде үйді күреу қажет болатын ақылға қонымды мерзімді көрсетіңіз. Бас тартқан немесе жауаптан жалтарған жағдайда сотқа өз бетінше салынған құрылысты мәжбүрлі түрде күреу туралы талап-арыз беріңіз.

Сотта көршіңізбен бейбіт келісімге келу үшін жеткілікті уақыт пен мүмкіндік болады. Мәселен, көршіңізге құрылыс шығындарын өтеп, өзіңізге салынып бітпеген үйді алуыңызға болады, өйткені заң бойынша жер теліміне және оған салынған жылжымайтын мүлікке меншік құқығы бір-бірінен ажырамайды. Немесе көршіңізге сізден жер телімін сатып алуды ұсыныңыз немесе телімдерді үстеме ақысымен алмастыру жолын талқыға салыңыз.

Қалай болғанда да, егер сіздер келісе алмасаңыздар, өз бетінше салынған құрылысты күреу туралы негізгі талап-арызды сот міндетті түрде қанағаттандырып, заңсыз құрылыс жүргізген тұлғаға күреу шығындарын жүктейтін болады.

9 қаңтар 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.