– Мен жалғызбасты зейнеткермін. Ұлым бар, бірақ бірнеше жылдан ешқандай көмек те көрсетпейді. Зейнетақым өмір сүруіме жетпейді. Ұлымның маған материалдық көмек көрсетуі үшін не істеуім керек?
Телефон арқылы
Сұраққа «Слово защиты» адвокаттық кеңсесінің адвокаты Татьяна МОХНАЧЕВА жауап береді:
– «Неке және отбасы туралы» ҚР Кодексінің 145-бабында еңбекке жарамды кәмелетке толған балалар өздерінің көмекке мұқтаж, еңбекке жарамсыз ата-аналарын күтіп-бағуға және оларға қамқорлық жасауға міндетті. Алимент төлеу туралы келісім болмаған кезде көмекке мұқтаж, еңбекке жарамсыз ата-аналарға алимент олардың еңбекке жарамды кәмелетке толған балаларынан сот тәртібімен өндіріп алынады.
«Қазақстан Республикасында мүгедектiгi бойынша, асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша және жасына байланысты берiлетiн мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақылар туралы» ҚР Заңының 13-бабының 2-тармағының 2-тармақшасына сәйкес, отбасының еңбекке жарамсыз мүшелерi болып, егер зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңдарға сәйкес зейнеткерлiк жасына жетсе, әкесi, шешесi (оның iшiнде асырап алушылар), зайыбы, жұбайы есептеледі. Осыған байланысты сіз ұлыңыздан алимент өндіру туралы сотқа талап-арыз беруіңіз керек. Өйткені сіз зейнеткерлікте болғанда еңбекке жарамсыз тұлға және көмекке мұқтаж ата-ана болып есептелесіз. Талап-арызда ай сайын АЕК-ке бірнеше есе ара қатынаста өзіңізге қанша сома сұрайтыныңызды көрсету керек. Мұнда алимент мөлшері ата-аналар мен балалардың материалдық және отбасылық жағдайына және тараптардың басқа назар аударуға лайықты мүдделеріне қарай анықталатын болады.