- Мен 2001 жылы тұрғын үй кезегіне тіркелген едім. Жолдасым қайтыс болған, екі балам бар, олар да жанұялы болып, сәби сүйіп отыр. Қазіргі уақытта тұрып жатқан уақытша үйіміз бізге тарлық етуде. Маған тұрғын үй қай уақытта беріледі екен?
Телефон арқылы
Сұраққа қала әкімінің орынбасары Жұмабай ҚАРАҒАЕВ жауап берді:
- Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 74-бабына сәйкес қаланың жергілікті атқарушы органдары мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үй берілуге мұқтаждар есебінің тізімін былайша бөлек жүргізуде:
1) Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары;
2) жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар;
3) халықтың әлеуметтік жағынан қорғалатын әлсіз топтары;
4) мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, әскери қызметшілері және мемлекеттік сайланбалы қызмет атқаратын адамдар;
5) жалғыз тұрғын үйі ҚР заңнамасында белгіленген тәртіппен авариялық жағдайда деп танылған азаматтар.
Cауал иесі тармақта көрсетілген халықтың әлеуметтік жағынан қорғалатын әлсіз топтарының тізіміне 2001 жылдың 18 қаңтарынан бастап тіркелген. Бүгінгі күні кезектегі реттік саны - №103.
Аталған заңның 74 бабына сәйкес осы тізімдерге енгізілген азаматтардың құқықтары тең деп танылады. Егер осы Заңда өзгешелік көзделмесе, мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үй алуға осы тізімдерге енгізілген басқалар алдында, Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларын және жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды қоспағанда, ешкімнің де басымдық құқығы болмайды.
Белгілі тізімдер бойынша коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үй бөлуді, жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үй бөлуді жергілікті атқарушы органдары тұрғын үйге мұқтаждар тізімдерінің санына бірдей жүргізеді.