Әсел НҰРҒАЗИЕВАБүгін, 10 желтоқсанда, Халықаралық адам құқығы күні Атырау қонақ үйлерінің бірінің конференц-залында белгілі қазақстандық құқық қорғаушылар мен заңгерлер бас қосуы керек еді.
Алайда соңғы сәтте осы қонақ үйді жалға алып отырған фирма әкімшілігі белгісіз себептермен залды жалға беру шартын бұзды.
Бұл жағдайдың өзі еліміздегі адам құқығы ахуалының қандай екенін анық көрсеткендей. Кездесуді ұйымдастырушылардың бірі, атыраулық құқық қорғаушы Әсел НҰРҒАЗИЕВАНЫҢ айтуынша, Атырауға Liberty қоғамдық қорынан Ғалым АҒЕЛЕУОВ, «Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қорының» президенті Зауреш БАТТАЛОВА, Халықаралық адам құқығын қорғау бюросының қазақстандық филиалының директоры Анар ИБРАЕВА, Жезқазғаннан қоғам қайраткері Берік ЖАҒЫППАРОВ, ақтөбелік «Ару ана» ҮЕҰ-ның жетекшісі Әлима ӘБДІРОВА, белгілі журналист Лұқпан АХМЕДЬЯРОВ және Орал қаласынан «Абырой» ҚБ жетекшісі Исатай ӨТЕПОВ және т.б. келулері керек еді. Кездесуге прокуратура, сот, ІІД, әкімдік, ЖОО өкілдері шақырылған.
Құқық қорғаушылар Қазақстандағы адам құқығы тақырыбына арналған көрме өткізіп, еңбеккерлердің, әйелдер мен балалардың құқықтары, сөз бостандығы туралы презентациялар жүргіземіз деп жоспарлаған еді. Сондай-ақ, Атырау тұрғындарына әр түрлі мәндегі тегін кеңес бермекші болды.
- Қонақ үймен зал мен жатын бөлмелерді жалға алу шарты 5 желтоқсанда жасалған еді. Ал 9-ы күні бізге қонақ үйден телефон шалып, жылу беру жүйесінде ақау болғандықтан, шарт талаптарынан бас тартып, ақшаны қайтаруға мәжбүр болып отырғандықтарын хабарлады, - дейді Әсел Нұрғазиева. – Мен шартты бұзбауды талап еттім, өйткені мен барғанда қонақ үйдің іші жылы болатын. Сол кезде қонақ үйді жалға алған басқарушының өзі: «Сіздер бір саяси іс-шара өткізгелі жатыр екенсіздер, маған мұндай проблема керек емес»,- деп ашық мәлімдеді. Біз оған құқық қорғаушылардың жиналысы болатынын, тегін кеңестер берілетінін алдын ала айтқан едік.
Ұйымдастырушылар тез арада барлық шақырылған спикерлерге кері телефон шалып, жағдайды баяндады. Астана мен Алматыдан келетін адамдар бұл уақытта әуежайда тұрған, ал оралдықтар көлікпен жарты жолда келе жатқан. 10 желтоқсан күні таңертең жергілікті құқық қорғаушылар кеңес алғысы келген тұрғындардан кешірім сұрау үшін қонақ үйге жиналды, алайда күзетшілер бұларға тек фойені ғана емес, ғимарат аумағын түгел босатуды талап етті.
Атыраулық белсенділер қонақ үйден тікелей белгілі белсенді Роза ТӨЛЕТАЕВА жаза мерзімін өтеп жатқан УГ 157/11 әйелдер колониясына барды. 10 желтоқсан оның туған күні болатын.
Зульфия ИСКАЛИЕВА