2013 жылдың 19 мамырында Жилгородокта №30 автобус үйге соғылған уақыттан бері жарты жылдан астам уақыт өтті ("Жилгородоктағы жол апаты"). Алайда «АЖ»-ға сол апатта зардап шеккен жандар хабарласуда. Оларды алған жарақаттары қинап, мұндай апат тағы да қайталануы мүмкін деген үрей мазалайды екен. Өйткені «Айс Транс Холдинг» жүргізушілері атышулы апаттан сабақ алмаған.
Қалай болғанын еске салайық. Түскі уақытта жолаушылар автобусы Әуезов көшесінің бойымен Жилгородок көпірін бетке алып келе жатқан кезде күтпеген жерден жолға бір бала жүгіріп шығады. Жүргізуші баланы қағып кетпес үшін рөлін күрт солға бұрған. Сол кезде автобус коттедждің тас дуалына соғады. Дегенмен де, 11 жастағы бала ауыр жарақат алып, бірақ бағына қарай, тірі қалады. Ешкімнің мертігіп қалмағаны – сәтін салған жағдай болды. Бірақ егде тартқан екі әйел адам әлі күнге дейін сол апаттың салдарынан зардап шегіп келеді. Екеуі де өмірлерін өзгерткен ауыр жарақаттар алыпты.
«ӨЛГЕН ЖЕРІМ ОСЫ ДЕП ОЙЛАДЫМ»
67 жастағы Людмила ЖИДКОВА (суретте) алғыр адамдардың санатынан болатын. Үнемі тыным таппайтын, сергек, ширақ жан еді. Сол күні автобуспен Авангардтағы супермаркетке шыққан екен. «Бос орын болмады», - деп еске алады ол. – Бір жер ғана бос еді, жүргізушінің артындағы аяғыңды көтеріп отыратын сол екінші орынға барып отырдым. Көпірге көтеріле бергенде терезеге көз тастадым, алғашқылардың бірі болып автобустың дөңгелегінің астына қарай жүгіріп бара жатқан балақайды көріп, айқайлап жібердім. Келесі сәтте – сатыр-сұтыр, шықырлаған дыбыс шығып, денем қақсап қоя берді... Маған автобустың алдыңғы әйнегінің сынықтары ұшып тиді. Екі орындықтың ортасында қысылып қалдым, бүйірімнен ұшып кеткен есік қысып тастады. Аузым қанды қоймалжың болды – алмалы-салмалы тісімнің күл-паршасы шығыпты. Өледі екенмін деп ойладым. Мені автобустан ең соңғы болып шығарып алды».
Кем дегенде бес адаммен сөйлескенімде, олар үзілді-кесілді аты-жөндерін атаудан бас тартып, өз орындықтарынан қалай секіріп кеткендерін, тұтқаға соғылып, еденге құлағандарын еске алды.
Людмила Георгиевнаның алдыңғы жағында отырған егде әйел оң жақ қолын сындырып, шынтағын уатып алған. Ауруханада аузын жиырмадан астам жерден тігіпті. «Мен туралы жазбаңызшы, – деді ол телефон арқылы сөйлескенде. – Мен «Айс Транс Холдингтен» ештеңе қаламаймын. Маған ештеңе қажет емес. Жазасын Құдай берсін».
Зардап шегушілердің реніштері түсінікті. Олардың көпшілігі, кейінірек анықталғандай, автобуста болған жоқ делініпті. Жеңіл-желпі жарақат алған жолаушылар, (олардың ішінде жасөспірім де бар) апаттан есін жиып, қанталаған, жарақат алған күйлері өздіктерімен такси тоқтатып, травматология пунктіне барған. Зардап шегушілердің апатты №30 жолаушылар рейсінің жолаушылары екені еш жерде көрсетілмейді. Бірақ бұл туралы кейінірек әңгімелейміз.
ДӘРІГЕ БАЙЛАНҒАН ӨМІР
Людмила Георгиевнаға қайта оралайық. Оны жан сақтау бөліміне оң жақ жамбасы ығыса жабық сынған, екі жауырын сүйектері, сол жақ жіліншігі сынып, тобығы ішке қарай қайырылған, оң жағынан параорбитальды ісік, жағынан жарақат алған деген диагнозбен жеткізді. Екі рет ауыр ота жасалып, айлар бойы бейімделгеннен кейін әйел үйге шықты. Алайда енді тек балдақтың көмегімен қозғалып, ауырсынуды басатын дәрілерді үнемі қабылдап қана өмір сүреді. Тиын-тебендей болған зейнетақы дәрі алуға әрең жетіп тұр. Ол Amanat Insuarance сақтандыру компаниясынан 23 970 теңге алды. Осымен бәрі бітті.
Қазіргі уақытта Л. Жидкова 750 мың теңгеге бағалаған моральдық шығындарды өтеу туралы сотқа арызданды.
Әңгіме барысында ол жүргізушінің өзіне келіп кешірім сұрағаны туралы айтты: «Сол сәтте басқаша жасай алмағанын түсіндірді – бала қаза болатын еді. Жүргіншілер көпіріне қарай апаратын жүргіншілер жолына қарай бұруға болатын еді, алайда ол жақта да адамдар – екі ер адам мен әйел болды... Мен оны кешірдім, әрине, жамандық та ойламаймын. Бірақ ол жылдамдықты қалыпты мөлшерден асырып жүрген сияқты. Мен жүргізуші емеспін ғой, білмеймін».
Қазір жүргізуші слесарь болып жұмыс жасайды. ЖКО жасағаны үшін 20 тәулікке қамалып, көлік жүргізу құқығынан бір жылға айырылды.
СОТ-МЕДИЦИНАЛЫҚ САРАПТАМАҒ АБАРУДЫ БІЛМЕППІЗ
Осы бақытсыз рейстің басқа жолаушылары бір-бірін тауып алып, «АйсТрансХолдинг» автобустары жүргізушілеріне, яғни жылдамдықтарын 50 шақырым-сағаттан асыра айдайтын бозөкпелерге «соғыс» жариялады.
«Осы автобуспен жүріп келе жатқан әр секундымыз есімде: «Ласковый май» тобының «Седая ночь» әнін бар даусына шығарып, жоғары жылдамдықпен келе жатқаны, бәрі көз алдымда, - дейді Вера А.- Әр ұсақ-түйегіне дейін есімде, ұмытпайтын да шығармын. ...Біз ауруханадан кейін, жарақаттарымыз шын мәнінде ЖКО салдарынан болғанын дәлелдейтін сәйкесінше анықтама алу үшін сот-медициналық сараптамаға бару керектігін білмедік. Сондықтан да ештеңе ала алмадық. Біз прокуратураға да шағымдандық. Жүргізушіден біздің шағымымыз бойынша жауап алды, алайда ол бізді көлік ішінде болған жоқ деп айғақ берді. Апаттан кейін қолым мен аяғымда жарақат іздері қалды, иығым әлі ауырып жүр, соққыдан кейін қатты көгеріп кетіп еді... Жүргізуші мен оның басшылығын қалай жазаға тарта аламыз? Біз ЖШС директоры Мақсот СҮЙІНОВКЕ барып, жүргізушілері автобусты қатты жүргізетіндерін айттық, бірақ баяғы жартас – бір жартас, еш нәтиже жоқ».
Анастасия ПАСТУХОВА
Суретті түсірген автор