Атырау, 6 желтоқсан 09:04
 ашықВ Атырау +3
$ 504.49
€ 587.73
₽ 6.57

Үрлесем бе екен?

2 017 рет қаралды

– Мен Теңіз кенішінде «Денхолм Жолдас» компаниясында вахталық әдіспен жұмыс жасаймын. Күн сайын таңертең сағат 4-тен 6-ға дейін алкотестілеуден өтеміз. Бұған қарсылығым жоқ, бірақ бір рет емес, көп мәрте қолданылатын мүштіктер пайдаланылады. Әрине, оларды өңдеуден өткізеді ғой, бірақ бұл дұрыс емес деп есептеймін. Медицина қызметкерлерінен өз күдігімнің дұрыс-бұрыстығын сұраған едім, олар өзіммен бірге мүштіктерді алып кетуді ұсынды.

Телефон арқылы

«Денхолм Жолдас» ЖШС бас директоры Гүлмайра АДАЕВА сұрақты жасалған келісімшарт бойынша алкотестілеуден өткізетін «Вестерн Клиникке» жолдады. «Вестерн Клиник» бас дәрігері Джаваншир ХАЛИЛОВТЫҢ жазбаша жауабында былай деп айтылған: «Бұл мәселе Теңіз кенішінде көтерілді, бірақ дәрігерлер мүштіктерді қайталап қолдануға қатысты қонымды түсінік берген болатын: медициналық және санитарлық нормаларда дезинфекциядан кейін пластмасса бұйымдарды қайталап қолдану әдісі жазылған. «Дрегер 6510» аппаратында қолданылған мүштіктерді әлденеше рет пайдалануға болады, олар зарарсыздандырғыш ерітінділермен (соның ішінде акмахлормен) тазартылады, шайылады, кептіріледі. Мүштіктер нормативтерге концентрациясы сай келетін арнайы ерітіндіде зарарсыздандырылады.

Норматив бойынша ерітіндіде ұстау (экспозиция) уақыты – 30 минут, бірақ біз бір сағат ұстаймыз. Содан соң мүштіктер ағын сумен шайылады, кептіріледі және сақтау үшін қақпағы бар бөлек ыдысқа салынады. Бүкіл процесс антисептик құралдар (қолғаптар, демперделер және т.б.) қолданылып жасалады.

Келісімшарт жасалған кезде бұл жайт алдын ала келісімшарт менеджері мен өндіріс жөніндегі менеджерге арнайы ескертіліп айтылды. Егер кейбір жүргізушілер қандай да болмасын жұқпалы аурулардан қауіптенсе, олай болуы мүмкін еместігін растаймын.

Басқа бір жолы да бар - әр жүргізушіге мүштік береміз, олар алкотестілеуден өткен сайын соны қолданатын болады. Әр мүштіктің өз қабы болады, егер жұмысшылар өздерімен бірге алып жүретін болса, оған салып сақтап қоя алады. Қажет болса, сақтау үшін қосымша қаптарды/құтыларды бере аламыз, олар жоғалған жағдайда керек болады. Әр ай сайын біз медициналық қосынға ауыстыру үшін жаңа 500 мүштік береміз. Яғни, зарарсыздандырылатын мүштіктер тек бір айға ғана қолданылады. Әр апта сайын 100-120 дана мөлшерде мүштіктердің жаңа партиясы қолданылады.

Бұдан басқа 50 қызметкерге жеке пайдалану үшін мүштіктер берілді».

5 желтоқсан 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.