Атырау, 25 желтоқсан 05:56
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 515.89
€ 536.32
₽ 5.17

Адасып кеткен асфальт

3 745 просмотра

СМП-136 ықшам ауданындағы жеке тұрғын үй секторы тас жолға сұранып-ақ тұр. Мұнда шамамен 100 шақты үй бар. Олардың біразының мұнда тұрып жатқандарына жарты ғасырдан асса, кейбіреулері жерді 2000 жылы алған. Бір қиыны, тұрғындар содан бері қарай асфальт төселген жолды аңсаумен күн кешіп келеді.

СМП-136 ықшам ауданындағы Баумынцев және Поселковая көшелері мен Мақат, Доссор, Ленинград, С.Датов өткелдерінде тұрып жатқан халық жергілікті биліктен бір-ақ нәрсе сұрайды. Көшелерге жол төсеу. Олар осы мәселе жайлы қалалық әкімдікке 2008 жылдан бері  арыз жазумен келеді. Алайда, еститіндері бір жауап – «биылғы жылдың бюджетінде бұл көшелерге жол төсеу қарастырылмаған, осы өтініштеріңіз келер жылы қалалық бюджеттің жоспарын нақтылау кезінде ескеріледі» деген.

Айтпақшы, тұрғындардың өздері былтыр қыркүйек айында Баумынцев көшесі мен Уәлиханов көшесін жалғастырған 150 метрлік жолға 16 КАМАЗ машинасымен бұзылған Сыра зауытының құрылыс қалдығын төккен. Ал жедел-жәрдем көлігі болса, бұл жерге кіре алмайды. Келсе, тек сол тұрғындар төсеген жолдың бойында тоқтап тұрады.

Гүлжан Жаңабаева, тұрғын:

- Менің алты балам бар. Оның біреуі мүгедек. Қазір жасы 13-те. Күйеуім ауған соғысына қатысқан. Ешқандай көмек жоқ. Ал балама жедел-жәрдем шақыртқанда, көлік ішкі көшеге кіре алмай, көшенің сонау басында тоқтап тұрады. Кейде жалаулатып барып тоқтатамыз. Баламды жедел-жәрдем көлігіне ыңқылдап өзім арқалап апарамын. Жағдай қиын. Қаланың ортасында тұрып, жолдан азап көріп отырмыз. Әжелеріміз бен аталарымыз да мектепке баратын немерелерін арқалап шығарып салады- дейді. Ал  жайсыз жолдың кесірінен үсті-басын бүлдірген балалар мектепте мұғалімдерден, үйде ата-аналарынан құлақтың етін жеген ескертулер алып жатады. «Қашанғы резіңке етік киіп жүреміз, біз де бір өркениетке аяқ басқымыз келеді» деп ашынған тұрғындар өздері тұрып жатқан көшелерге биыл жол салынбаса, көшеге шығып, наразылықтарын білдіретіндерін айтады. Одан ештеңе шықпаса, жағдайды Астанаға дейін жеткіземіз деп отыр. Әзірге олар наразылықтарын облыстық әкімдікке арызданудан бастады. Сәуірдің 27-сі күні 20 адам болып жиналған тұрғындар облыстық әкімдіктің алдына барып тұрды. Бірақ, тәртіп сақшылары оларға қоғамдық тәртіпті бұзып тұрсыңдар деген желеумен үйлеріне тарауын сұраған. Алайда, тұрғындардың бұйымтайын айтпай кетпесін ұққан соң, облыстық әкімдік ішіне үш кісіден артық кіруге болмайтынын түсіндіріпті.

Сол үш кісінің біреуі Кәмшат Жұмабаева өздерін 27-сәуір күні қабылдаған облыс әкімінің орынбасары Асқар ӘБДІРОВ аталмыш жеке тұрғын үй секторына жол салу үшін мамыр айында қаражат бөлінетінін мәлімдеген. Сол айтқандай, бірер күн өткен соң, Баумынцев көшесіне жол төсеу жұмыстары басталып та кеткен.   

Алтағы бір тұрғын Жолымбай Қалешов болса: «Жақында «Ақ Жайық» газетінде жарияланған биыл жөнделетін көшелердің тізімін көрдік. Онда СМП-136 ықшам ауданының көшелері жоқ. Сол себепті тағы да арыздануға мәжбүр болдық. Баумынцев көшесінен кейін Ленинград өткеліне жол салынады деп отыр жұмысшылар. Ал Мақат, Доссор көшелері биылдан қалатын секілді. Бір күйінтетіні, біз қайта-қайта әкімдікке арыз жазып жүрсек, біздің арқамызда басқа елдімекеннің тұрғындары қарық болып отыр. Қалада бізде екі Мақат, екі Доссор көшелері бар. Бірі бізде, СМП-136-да, ендігілері «Ақ депо» жақта. Сол «Ақ депо» елді мекеніндегі Мақат, Доссор көшелеріне жаңадан жол салынды. Ондағы тұрғындар біз арызданған жоқ едік деп отыр. Сонда қалалық билік өкілдері қайда қарап отыр? Олар неге көшелерді дұрыс білмейді?», деп кейиді.    

Бұған қатыстықалалық әкімдігінің баспасөз хатшысы Назымгүл ҚАЙСАҒАЛИЕВА «Жоғарда аталған көшелер биыл асфальтталмайды. Себебі, олар биылғы жылдың көше жолдарын жөндеу жұмыстарының жоспарына енгізілмеген. Биыл тек қана тізімдегі 200 көшеге ғана асфальт салынады. Ал «Ақ депо» елдімекеніндегі Мақат, Доссор көшелеріне жол салынған болса, ол жоспарда болған көшелер болар» деген ақпарат айтқан.

Алайда, жақында Баумынцев көшесіне жол салына бастағанын естіген «АЖ» тілшісі жағдайды анықтау үшін қалалық әкімдікке қайта хабарласты. Баспасөз хатшысы Назымгүл Қайсағалиева биыл қалаға қарасты селолық округтер мен қала ішінде ескерілмей қалған 20-ға жуық көшелердің тіркеліп отырғанын айтады. Қала тұрғындарынан түсіп жатқан арыздарға қарағанда, әзірге қалада ұмыт қалдырылған 6 көше бары анықталған. Және, осы көшелердің барлығы да биылғы жылы жөнделеді, деп хабарлады баспасөз хатшысы.   

Айнұр АСЫЛБЕКҚЫЗЫ

Суретті түсірген автор

11 мамыр 2011, 17:16

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.