Алмагүл ықшама уданындағы №19, 20 үй тұрғындары аулаларынан дүкен салынатындығына қарсы болып отыр.
Алмагүл ықшам ауданындағы №19, 21 үй тұрғындарының айтуынша, өткен жылы аулада балалар алаңқайы мен футбол алаңын жабдықтауға уәде берген болатын. Кейінірек үй алдына ешқандай алаң емес, дүкен салынатындығы анықталады.
Үй тұрғындары бұл жерге үш жыл бұрын қоныстанған еді. Негізінен мұнда 2-3-тен балалары бар жас отбасылар тұрады.
Қазыбек ДҮЙСЕБАЛИЕВ- Үйде 197 пәтер бар. Егер әр пәтерде 2 баладан бар деп есептесек, 800 бала болады. Сонда олар қайда ойнауы тиіс? Үйдің бірінші қабаты иесіз болғандықтан біртіндеп қирап бүліне бастаған. Бұл жерде орынжайлар жеткілікті. Неге осы жерлерді пайдаланбайды? Біз бұл құрылыстың салынуына қарсымыз.
Даулы құрылыстың қожайыны Күлән БИСЕНОВАНЫҢ өз дәлелі бар. Кәсіпкер түсіндіргендей, қаладағы аялдамаларды алып тастаған кезде ол «Светлана» мен «Өнерпаздағы» өз дүңгіршектерінен айырылып қалған екен.
- Өтемақы ретінде не ұсынасыздар дегенімде, маған осы жерді берді. Мен өзім сұраған жоқпын мұны. Менде бәрі заңды түрде рәсімделіп, жердің дүкен құрылысына арналғандығы бекітілген. Егер менде бәрі заңды болса, неліктен дүкенімді салмасқа? – дейді ол. Оның қолында бұрынғы қала әкімі Сәлімжан НАҚПЕВТЫҢ қолы қойылған жер бөлу туралы шешімі бар екен.
Тұрғындардың айтуынша, олармен қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің бастығы Бақтыбай ДҮЗЕЛБАЕВ кездескен.
- Ол бізге егер ағаш отырғызсаңыздар алып тастаймыз деп уәде берді. Біз ауламызды көгалдандыруға дайынбыз, тек құрылыс салуға тыйым салса екен. Ықшам ауданда супермаркеттер жеткілікті. Онсыз да «Атабаның» кесірінен айналамыз криминалды ауданға айналды. Құдай сақтасын, егер сағат таңғы 5-терде шыға қалсаң, ішіп алған маскүнемдерге тап боласың,- деп шағымданады тұрғындар.
Осы құрылыстың заңдылығын мұқият тексерумен қалалық прокуратура айналысуда.
- Даулы жерді жергілікті атқарушы орган дүкен салу үшін 2008 жылы бөлген екен. Осы факті бойынша толық, әділ әрі жан-жақты шешім қабылдау үшін тексеру жүргізілуде, - деп мәлімдеді Атырау қаласының прокуроры Халидолла ДӘУЕШОВ.
Сонымен, тұрғындар құрылысты тоқтатады деп үміттеніп отыр. Ал құрылыс салушы өз құқығын қорғап қалмақшы. Бұл ұрыста кім жеңіске жетер екен?
Сәния ТОЙКЕН
Суретті түсірген автор