Осы жазда Атырау қаласында 5 жасар қыз баланы ұрламақ болған Украина азаматына үкім шығарылды.
Қала прокурорының көмекшісі Саяна ДӘУЕШЕВАНЫҢ айтуынша, 16 маусымда шамамен сағат 20.30-да Атырауда уақытша тұрып жатқан 26 жастағы Украина азаматы мас күйінде Жарбосынов көшесінің бойындағы №62 үйдің ауласына кіріп, орындықта отырған кішкентай қызды көреді. Ол бүлдіршінді орындықтан көтеріп алып, тез-тез адымдап, бұрынғы тікұшақ зауытының иесіз ғимаратын бетке алыпты.
Аулада ойнап жүрген әпкесі шу шығарып, көршісі Жасұлан ЖАУЫРОВ баланы оның қолынан жұлып алуға ұмтылады (кейіннен ол ІІД басшылығынан алғыс хат алды), басқа да көршілері келіп үлгеріпті. Олар бірігіп қаскүнемнің қолын қайырып, полиция келгенше ұстап отырған.
– Қылмыскердің әрекетінде ұрлап кету белгілері болған. Ол алдында кәмелетке толмаған сәби бар екенін сезінген және оның еркінен тыс күш қолданып, сәбиді көтеріп алып, басқа жерге алып кетпек болған, - дейді С.Дәуешева.
Атырау қаласының №2 соты сотталушыны ҚР ҚК-нің 24-бабының 3-тармағы және 125-бабының 2-тармағының «д» тармақшасында («кәмелетке толмағандығы көрiнеу адамды ұрлауға оқталу») қарастырылған қылмыс жасауға кінәлі деп танып, жалпы режимдегі түзету колониясында 7 жылға бас бостандығынан айыру үкімін шығарды. Үкім заңды күшіне енді.
Зульфия ИСКАЛИЕВА