
Атырауда Каспий маңынан гөрі Сібір тайгасында мекендейтін таңсық құс суретке түсіп қалды. Өзіне тән дақты қауырсын жамылғысы мен қуатты тұмсығына қарағанда, бұл — балқарағай торғайы (кедровка).
Әдетте бұл құстар қылқанжапырақты ормандарды мекендейді, ал Қазақстанда негізінен еліміздің шығысы мен оңтүстік-шығысындағы таулы аймақтарда кездеседі. Содан да болса керек, Атырауда балқарағай торғайының пайда болуы — сирек кездесетін оқиға.
Орман мекендеушісі бұрынғы үйреншікті ортасынан мұншалықты алысқа қалай тап болды? Мәселе мынада: балқарағай торғайы кейде азық іздеп ұзақ сапарға шығады. Әсіресе туған орманында балқарағай жаңғақтары мен басқа да қылқанжапырақты ағаш тұқымдары шықпай қалған жылдары осылай жасайды. Мұндай кезеңдерде құстар жүздеген, тіпті мыңдаған шақырымдарды бағындыруға қабілетті.

Мүмкін, бұл қанатты саяхатшы Атырауға Жайық өзенінің аңғарын табиғи жасыл дәліз ретінде пайдаланып, Оңтүстік Орал немесе Батыс Сібір ормандарынан жеткен болар. Дегенмен оның нақты бағыты әлі де жұмбақ болып отыр.
Қызығы, балқарағай торғайларын «орман бағбандары» деп те атайды. Олар жаңғақтарды жерге жасырып, азық қорын жасайды, бірақ кейін солардың бәрін бірдей таба бермейді. Содан қалған тұқымдардан жаңа ағаштар өсіп шығады.
Айналып келгенде, өзінің туған тайгасында жаңа ормандардың өсуіне септігін тигізетін құс бұл жолы әр ағашы алтынға бергісіз қалаға тап болып отыр.
«АЖ» оқырманы түсірген сурет
В Атырау +7.7