Атырау, 23 қараша 15:28
 дождьВ Атырау +6.1
$ 455.00
€ 498.77
₽ 5.56

Айя-Софияның жерасты құпиялары: археологтар 420 метрлік туннельдерді ашты

17 рет қаралды
видеодан скриншот Euronews
видеодан скриншот Euronews

Ыстамбұлда Айя-София (Әулие София) соборында жүргізіліп жатқан ауқымды реставрация жұмыстары кезінде археологтар жер астында жасырынған тоғыз туннель мен алты залдан тұратын желіні аршып алды. Қазіргі уақытта тазартылған жерасты галереяларының жалпы ұзындығы 420 метрге жетті, деп жазады Euronews.

Жерасты кешенінің ауқымын Түркияның Мәдениет және туризм министрі Мехмет Нури Эрсой ғалымдармен бірге жер астына түсіп, өз көзімен көрді. Оның айтуынша, мамандар Визирь бағы мен Батыс бағы деп аталатын екі аумақтан ғасырлар бойы жиналған 3 мың тоннаға жуық топырақ пен үйінді материалды шығарған. Билік бұл жұмыстарды Түркия Республикасы тарихындағы ескерткішті реставрациялау бойынша ең ауқымды жоба деп атап отыр.

Жер астында не жасырылған?

Қазба жұмыстары барысында ғалымдар бұрынғы еден деңгейінен 1,5 метр тереңдікте орналасқан сәулет қабаттарын, сондай-ақ жартасқа ойып жасалған жерлеу құрылысын (гипогей) тапты. Зерттеушілер бұл нысандар қазіргі базилика император Юстиниан тұсында 532–537 жылдары салынғанға дейінгі дәуірге тиесілі болуы мүмкін деп болжайды. Алайда олардың нақты мерзімі әлі анықталып жатыр.

Сонымен қатар археологтар жерасты өткелдерінің жүйесін зерттеді:

  • Тоғыз туннельдің жетеуі толық тазартылды, қалған екеуінде табылған жәдігерлерді тіркеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

  • Ең ұзын дәліздің ұзындығы 180 метрді құрайды. Ол собордың қасбетімен қатар созылып, Фатих медресесінің алдындағы алаңнан келушілер кіретін есікке дейін жалғасады. Ғалымдар оның Константинопольдің тарихи Рим жолымен байланысы болған-болмағанын анықтап жатыр.

  • Мамандардың бағалауынша, туннельдердің бір бөлігі алып кешеннің ежелгі сумен жабдықтау және жаңбыр суын бұру жүйесіне кірген.

Қазба жұмыстарымен қатар реставраторлар күмбезді төбелер мен тас қалау құрылымдарын нығайтып жатыр. Ұзындығы 56 метр болатын жерасты бөлмелерінің бірінде зақымданған 18 метрлік бөлік жөнделді, ал басқа галереялар тот баспайтын болаттан жасалған құрылымдармен бекітілуде.

Туристерге кіруге рұқсат беріле ме?

Түркия билігі жерасты нысандарының бір бөлігін келушілерге ашу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Алайда әзірге нақты мерзімдер мен туристік бағыттар белгіленген жоқ. Басты талап — адамдардың қауіпсіздігі мен көне ескерткіштің сақталуын қамтамасыз ету.

Сонымен қатар инженерлер ежелгі галереяларды соборды табиғи жолмен желдету үшін пайдалануға бола ма деген мәселені зерттеп жатыр. Қазір жерасты саңылаулары ғимаратқа қажетті ауа алмасу көлемінің небәрі 3,6 пайызын қамтамасыз етеді.

Бүгін, 15:18

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.