
Алматыда отшашуды ұнататындарға түсіндіру жұмыстары күшейтілуде. Ереже бұзғандарға 130 мың теңгеге жуық айыппұл салынуы мүмкін, ал қаңтардан бастап қаланың бір бөлігінде пиротехниканы қолдануға мүлде тыйым салынады.
Алматы әкімдігінің хабарлауынша, қазіргі уақытта азаматтардың тыныштығын бұза отырып, белгіленбеген орындарда пиротехникалық бұйымдарды қолданғаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 436-бабына сәйкес 20 АЕК (86 500 теңге) мөлшерінде айыппұл салынып, бұйымдар тәркіленеді. Құқық бұзушылық қайталанған жағдайда айыппұл мөлшері 30 АЕК-ке (129 750 теңге) дейін өседі.
Сонымен қатар әкімдік «Eco Almaty» ЖШС-не сілтеме жасай отырып, айыппұлдармен қатар отшашудың ауа сапасына зияны бар екенін еске салады. Пиротехникалық бұйымдар жарылған кезде атмосфераға түтін, күйе және ұсақ бөлшектер тарайды. Әсіресе желсіз ауа райында олар ұзақ уақыт бойы сейілмейді.
Ведомствоның түсіндіруінше, 2027 жылғы 8 қаңтардан бастап Алматы қаласының Атмосфералық ауаны қорғау қағидаларына енгізілген, шығарындылар деңгейі төмен аймақта (LEZ) азаматтық пиротехниканы қолдануға тыйым салатын норма күшіне енеді. Алайда бұл шектеу бірден бүкіл қала аумағында енгізілмейді: әкімдік арнайы қаулымен аталған аймақтың шекарасын бекітуі тиіс.
Қазақстанда отшашу қолданғандар қалай жазаланып жатыр?
«Ақ Жайық» бұған дейін хабарлағандай, соңғы айларда еліміздің түрлі өңірлерінде пиротехникалық бұйымдарды қолданғаны үшін азаматтарды жауапкершілікке тарту жағдайлары жиілеген:
- Атырауда өткен аптада мейрамхана маңында отшашу атқаны үшін сот жергілікті тұрғынға 60 550 теңге айыппұл салды. Сонымен қатар Атырау облысында пиротехникалық бұйымдар сатылатын және сақталатын орындарға рейдтер жүргізіліп жатыр.
- Астанада тұрғын үйлердің маңында отшашу атқандар ұсақ бұзақылық жасағаны үшін жауапқа тартылуда. 26 құқық бұзушының 19-ы 10 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алынды. Ал елордалық студент дәмхана маңында отшашу атқаны үшін бес тәулікке қамалды.
- Бурабайда ұлттық парк аумағында отшашу атқаны үшін Rixos Lake Borovoe қонақүйінің иесі мен іс-шараны ұйымдастырушы компанияға айыппұл салынды.
- Алматының өзінде пиротехникаға қатысты дау тамыз айында Канье Уэсттің концертінен кейін ерекше өршіді. Сол кезде продюсер Баян Алагузова стадионда отшашу атылуына байланысты заң алдында бәрінің тең екеніне көпшілік алдында күмән келтірген болатын.
В Атырау +6.1