– Мен басқа жүкті әйелдер секілді есепке тұрғым келген еді. Гинекологқа жолдама жазып беретін терапевт дәрігердің кезегінде 2 сағаттан астам уақыт тұрдым. Ал ол маған бар болғаны кадастрлық нөмірді ғана берді. Келесі күні гинекологқа келдім. Сағат 10.00-де кезекке тұрған кезде менің алдымда 13 әйел тұрды. Мен дәрігерге тек 3 сағаттан кейін кірдім. Әр барған сайын жұмыстан сұранып кетуге тура келеді. Жыл сайын шенеуніктер бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің сәтті жүзеге асқандығы, емхана жұмыстарының жетілдірілгендігі, кезектердің жоқтығы және т.б. туралы баяндайды. Ал іс жүзінде тіпті нашарлап кетпесе, ештеңе де өзгермеген. Кейін перзентханада қиындықтар болмау үшін жүкті әйелдер айырбастау картасын беретін жеке емханаларға есепке тұра ала ма? Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі енгізілген кезде біздің емдеу мекемесін таңдау құқығымыз болады деп уәде еткен еді. Ал іс жүзінде біз мекен-жайымыз бойынша емханаға жүгінуге мәжбүрміз. Қандай таңдау туралы айтылған еді?
А. К.
Комментарий алу үшін біз Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасына хабарластық. Алайда,қалалық №1 емхананың бас дәрігері Еркінбай ҚУАНОВТЫҢ қолы қойылған жауапты алдық.
«Репродуктивті жастағы әр әйел жүктілігіне байланысты өзі қалаған емхананың тіркеу бөлімі арқылы әйелдер кеңесі бөлімшесіне есепке тұруы тиіс. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 7 сәуір 2010 жылғы «Диагностика мен емдеу хаттамаларын бекіту туралы» №239 бұйрығына сәйкес, әйел жүктілік үшін қарсы көрсетілімдерді, экстрагенитальды ауруларды анықтау мақсатында қажетті тексеруден өтуі және ең алдымен учаскелік терапевт дәрігерден кеңес алуы тиіс.
Емхананың анықтама бөлімшесінің бірнеше телефондары арқылы пациенттерге қолайлы уақытта мамандардың қабылдауына алдын ала жазылу, сонымен қатар, емхананың poliklinikal.kz веб-сайты арқылы жазылу секілді өзгерістер тиімді жұмыс жасауда. Тіпті жүкті әйелдерді жеке емхана есепке қойса да, ол учаскелік терапевт пен гинекологтың қабылдауына тұрақты келуге міндетті. Сонымен қатар, оның көрсетілімі болған жағдайда стационарға тегін орналасу мүмкіндігі бар. Жеке емханалардан айырмашылығы - емханада мамандар бүкіл кеңестерді, медициналық қызмет көрсетудің барлық түрлерін тегін көрсетеді. Сонымен қатар, жеке емхананың акушер-гинекологы жүктілік барысында тек консультативтік кеңестер ғана береді. Жеке емханалар декреттік демалысқа кететін мерзімде, жүктілік кезеңінде және босанғаннан кейінгі мерзімде еңбекке жарамсыздық бетшесін беру үшін пациенттерді мекен-жайы бойынша емханаға жібереді».