
2026 жылғы 1 қазаннан бастап Қазақстанда 12 айдан астам мерзімге ашылатын валюталық жинақ депозиттері бойынша шекті сыйақы мөлшерлемесі жылдық 1,0%-дан 2,5%-ға дейін өседі. Бұл шешімді Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ) валюталық салымдар нарығын кезең-кезеңімен ырықтандыру аясында қабылдады.
Жаңа көрсеткіш қазан айынан кейін жаңадан ашылатын немесе мерзімі ұзартылатын жинақ салымдарына қолданылады. Бұл – мемлекет бекіткен ең жоғарғы меже, ал екінші деңгейлі банктер өз өнімдері бойынша нақты сыйақы деңгейін дербес айқындайды.
Ал мерзімі 12 айға дейінгі жинақ салымдары, сондай-ақ өзге де мерзімді және мерзімсіз валюталық депозиттер бойынша шекті мөлшерлеме бұрынғыдай 1,0% деңгейінде қалады.
Қор мамандарының түсіндіруінше, сыйақы мөлшерлемесін көтеруге депозит нарығының сәтті долларсыздануы негіз болды. Егер 2015 жылы салымдардағы шетел валютасының үлесі 80%-ды құраса, 2026 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша бұл көрсеткіш 19,2%-ға дейін төмендеді.
Ұлттық банк пен ҚДКБҚ бұл қадамға елдегі макроэкономикалық ахуалдың тұрақтануы мен теңгенің нығаю үрдісінің арқасында мүмкіндік туғанын атап өтті.
Бұл ретте жеке тұлғалардың шетел валютасындағы депозиттері бойынша ҚДКБҚ ұсынатын максималды кепілдік сомасы өзгеріссіз қалады.
В Атырау +21.3