
АҚШ-тың Федералдық авиация әкімшілігінің (FAA) сарапшылары Қазақстандағы ұшу қауіпсіздігіне жүргізген халықаралық бағалауын (IASA) аяқтады. Тексерудің оң қорытындысы елге АҚШ-пен тікелей әуе қатынасын ашуға жол ашатын Category 1 мәртебесін алуға мүмкіндік береді.
Америкалық мамандар 21–25 қыркүйек аралығында мемлекеттің ұшу қауіпсіздігін қадағалау жүйесін, авиациялық заңнаманы және нормативтік актілердің ИКАО халықаралық стандарттарына сәйкестігін тексерді. Сарапшылар тобының жұмысы Көлік вице-министрі Талғат Ластаевпен өткен кеңестен басталды.
Тексеру аясында, 24 қыркүйекте FAA өкілдері Астана қаласында Air Astana әуе компаниясының қызметімен танысты. Қазіргі уақытта отандық тасымалдаушы АҚШ Көлік министрлігіне (DOT) мұхит арғы бетіне тікелей рейстер орындауға арналған экономикалық рұқсат алу үшін өтініш беріп отыр.
25 қыркүйекте өткен қорытынды брифингте сарапшылар тексерудің алдын ала нәтижелерін ұсынды. Америкалық тарап Қазақстанның авиация билігі атқарған ауқымды жұмысын оң бағалап, елдегі ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында елеулі ілгерілеушілік пен жоғары саяси ерік-жігер бар екенін атап өтті.
IASA рәсіміне сәйкес, алдағы кезеңде FAA Қазақстанға ресми хабарлама жібереді. Тараптар қорытынды консультациялар өткізіп, түзету шараларын талқылағаннан кейін америкалық авиация органдары Қазақстанға Category 1 мәртебесін беру туралы түпкілікті шешім қабылдайды. Бұл мәртебе қазақстандық әуе компанияларының АҚШ-қа тікелей рейстерді іске қосуына толық реттеушілік негіз қалыптастырады.
В Атырау +21.3