
Қарағанды облысында «Vavada» интернет-казиносының ойыншыларынан түскен 415 миллион теңгеден астам ақшаны заңсыз қолма-қол ақшаға айналдырып келген қылмыстық топтың ісі сотқа жолданды. Қаржылық мониторинг агенттігі прокуратураның үйлестіруімен бұл заңсыз қаржылық схеманың жолын кесті.
Тергеу мәліметінше, ұйымдастырушылар 2026 жылдың қаңтар айында интернет-казино өкілдерімен Қазақстан аумағында ақша қабылдау және оны шығару бойынша келісімге келген. Топ мүшелері міндеттерді өзара бөлісіп алған: біреуі казино өкілдерімен байланыс орнатып, жұмысты үйлестірсе, екіншісі «дропперлерді» (бөгде адамдардың банк шоттарын) тапқан және операторларды іріктеген.
Күдіктілер Қарағанды қаласында арнайы кеңсе жалдап, онда операторлар тәулік бойы ауысыммен жұмыс істеген. Заңсыз схемаға барлығы 23 банк шоты тартылып, олар арқылы 415 миллион теңгеден астам сома аударылған.
Қазіргі уақытта екі күдіктіге қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Сот санкциясымен олардың мүлкіне, соның ішінде жеке тұрғын үйіне, екі жер теліміне және Mercedes-Benz автокөлігіне тыйым салынды.
Қылмыстық істі тергеу аяқталып, материалдар қарау үшін сотқа жіберілді. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
В Атырау +17.9