
«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ кәсіпорындарындағы адам өлімі көрсеткіші өсіп жатыр, ал есептердің ашықтығы көңіл көншітпейді. BES.media ұлттық компания есебіне сілтеме жасап хабарлағандай, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында ҚМГ-ның еншілес және қауымдасқан құрылымдарында адам өліміне әкеп соққан 3 жағдай тіркелген, деп жазады ФБРК.
Салыстырмалы түрде айтсақ: 2025 жылдың толық кезеңінде топтың штаттық қызметкерлері арасында бір адамның қаза болғаны тіркелген еді. Демек, небәрі алты айдың ішінде өсім — үш есе.
Адамдар қайда қаза тапты? Компания үнсіз
Сонымен қатар, егер 2025 жылы ҚМГ мердігер ұйымдардың 8 жұмысшысы қаза тапқанын ашық мойындаса, 2026 жылдың алты айлық есебінде мердігерлер бойынша статистика атымен жоқ. Мердігер нысандарындағы қайғылы оқиғалар сап тыйылды ма, әлде оларды жай ғана көзден таса қылды ма — бұл әлі де ашық сұрақ.
Қатердің алдын алу шаралары — формалды түрде
Адамдардың қаза табуына жауап ретінде ҚМГ бұрыннан таныс «қағаз жүзіндегі» белсенділігін бастап кетті:
2026–2028 жылдарға арналған «Стоп ДТП» жоспары бекітілді;
Автопарк пен мердігерлерге жоспардан тыс тексерулер жүргізілді;
Маңғыстау облысында ұңғымаларды жөндеуге арналған TUMAR жүйесін енгізу уәде етілді;
Жұмысшыларға қауіп төнгенде белгі беруге арналған «Қорғау» карточкалары таратылды.
Бірақ корпоративтік бағдарламалар қағаз жүзінде жүзеге асып жатқанда, өндірісте адамдар қаза табуын тоқтатар емес.
Квазимемлекеттік сектордағы ТҚ-ның жүйелі дағдарысы
Квазимемлекеттік секторда еңбекті қорғау бойынша кешенді аудит жүргізу қажеттігі баяғыда туындаған. Бірақ әзірге компаниялар «үстіртін» тексерулермен және толық емес есептермен құтылуды жөн көреді.
Ұлттық компания мәселені жалпылама көрсеткісі келеді: есепте қай қайғылы оқиғаның дәл қай кәсіпорында орын алғаны және қанша адам зардап шеккені көрсетілмеген (еңбекке уақытша жарамсыз болып жарақат алғандардың саны да жалпылама сөздердің астында жасырын қалған).
Ұлттық компания өлімге әкеп соқтырған төтенше жағдайлардың себебі ретінде қауіпсіздік техникасының бұзылуын және процестерді ұйымдастырудағы олқылықтарды атайды.
Қауіпсіздік техникасы мәселесі тек мұнайшыларға ғана қатысты емес. Тамыз айында екі күн ішінде Жамбыл және Қостанай облыстарында «Қазақтелеком» АҚ-ның екі қызметкері қаза тапты (автокранмен байланыс бағандарын бөлшектеу кезінде). Қыркүйекте Ақтауда тұрғын үйдің жертөлесінде ток соғу салдарынан телеком-оператордың тағы бір 33 жастағы маманы көз жұмды.
В Атырау +17.9