
«Самұрық-Қазына» тобының компаниялары кореялық серіктестерімен жалпы сомасы 11 млрд долларға жуық бірқатар келісімге қол қойды. Құжаттар газ өңдеу, мұнай-химия, энергетика, литий өндіру және сирек жер материалдарын шығару салаларын қамтиды.
Ең ірі жобалардың бірі – қуаты жылына 5 млрд текше метрді құрайтын газ өңдеу зауытының құрылысы. Кәсіпорын Қарашығанақ кен орнының шикізатын өңдейді. Жобаны жүзеге асыру туралы келісімге QazaqGaz пен Hyundai Engineering қол қойды.
«ҚазМұнайГаз» бен Samsung E&A Павлодар мұнай-химия зауытын кеңейту туралы келісті. Кәсіпорынның өңдеу қуатын жылына 9 млн тонна шикізатқа дейін арттыру жоспарланып отыр.
Сондай-ақ Түркістан облысында қуаты 1 мың МВт бу-газ электр станциясының құрылысына несие желісін ашу көзделген. Жоба «Түркістан БГЭС», Қазақстан даму банкі және Doosan Enerbility қатысуымен жүзеге асырылып отыр.
«Тау-Кен Самұрық», Огнев кен-байыту комбинаты және Корея геологиялық ғылымдар мен минералды ресурстар институты Бакенное литий кен орнына бірлескен зерттеу жүргізеді. Тараптар кен орнының келешегін растау және оны одан әрі игеру мүмкіндігін бағалау үшін бұрғылау жұмыстарын орындауды жоспарлап отыр.
Бұдан бөлек, «Тау-Кен Самұрық» пен POSCO Holdings сирек жер элементтерін өңдеу, бөлу және тазарту, сондай-ақ қосылған құны жоғары өнім өндіру саласында ынтымақтасуды көздейді.
Қазақстан-Корея іскерлік кеңесі аясында жалпы сомасы 19 млрд долларға жуық 80-ге жуық келісімге қол қойылды. Оның ішінде «Самұрық-Қазына» тобы компанияларының мәмілелеріне шамамен 11 млрд доллар тиесілі.
В Атырау +31