
Қазақстанның Ұлттық крипторезервінің көлемі 700 млн долларға жетті, оның 200 млн долларға жуығы инвестицияланып қойған. Бұл туралы цифрлық активтер экожүйесін дамытуға арналған үкіметтік баспасөз мәслихатында хабарланды.
Резервке 2025 және 2026 жылдары 350 млн доллардан бағытталды. Портфельді Ұлттық банктің Ұлттық инвестициялық корпорациясы басқарады.
Қаражат негізінен цифрлық активтер нарығындағы өтімділікпен жұмыс істейтін хедж-қорлар арқылы инвестицияланады. Биткоинге тікелей салымдар әлі болған жоқ, дегенмен криптоактивтермен қамтамасыз етілген ETF пайдаланылды.
Орталық депозитарий базасында ұлттық криптокастоди — биткоин мен басқа да цифрлық активтерді сақтауға мүмкіндік беретін инфрақұрылым құрылды. Одан әрі резервті, соның ішінде тәркіленген криптовалютамен де толықтыру жоспарланып отыр.
Қаржылық алаяқтықпен күрес тағы бір бағытқа айналды. Екі жыл ішінде Ұлттық антифрод-орталығы 200 мыңнан астам инцидентті тіркеді. Банктер мен мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылының арқасында 120 млрд теңгеден астам сомаға күмәнді операциялардың алды алынды.
2026 жылы жүйеге байланыс операторлары қосылды. Жаңа пилоттық жоба тек ықтимал алаяқтарды ғана емес, сонымен бірге олардың ықпалымен әрекет ететін азаматтарды да анықтау үшін нақты уақыт режимінде деректер алмасуды қарастырады.
Сонымен қатар цифрлық майнингтен түсетін түсімдер артты. 2025 жылы сала бюджетке 22,4 млрд теңге салық аударды — бұл түсімдер 9,9 млрд теңгені құраған өткен жылмен салыстырғанда екі еседен астам көп. Майнерлер үшін бөлек төлемақы тұтынылған электр энергиясының әр киловатт-сағатына 2 теңге мөлшерінде белгіленген.
Қазақстанда 76 майнингтік компания лицензия алды. Билік, сондай-ақ шетелдік тәжірибені ескере отырып, жеңілдігі бар режимдер енгізу мүмкіндігін қарастыруда. Заңнамаға өзгеріс енгізу бойынша ұсыныстарды бір ай ішінде дайындау жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, OpenAI компаниясымен келісім аясында қазақстандық оқытушыларға ChatGPT Edu-дың 165 мың лицензиясы бөлінді. 118 мыңға жуық лицензия мектептер мен жоғары оқу орындарының педагогтеріне оқу материалдарын дайындау және білім беру процесінде жасанды интеллектті қолдану үшін қолжетімді болып үлгерді.
В Атырау +31