
Қазақстанда жүк көліктерін заңдастырудың ауқымды схемасын немесе мемлекеттік деректер базасындағы жүйелік ақауды әшкерелеуі мүмкін сот процесі өріс алуда. Атыраулық көлік компаниясынан елден әлдеқашан келіп-кеткен және осы күнге дейін Ресейде ресми тіркеуде тұрған фуралар үшін сот арқылы утилизациялық алым талап етілуде, деп хабарлайды ФБРК.
Бәрі неден басталды
2017–2021 жылдар аралығында атыраулық «Vektor Shipping Co» ЖШС жалға алу шарты бойынша Ресей мен Беларусьтен Қазақстанға DAF XF маркалы алты көлігін әкелген. Көліктер уақытша әкелу режимінде — утилизациялық алым мен кедендік баждарды төлемей ресімделді.
Жалға алу мерзімі аяқталғаннан кейін техника Атырау облысы ПД-да ресми түрде есептен шығарылып, РФ-дағы иелеріне қайтарылды. Дегенмен 2026 жылдың шілдесінде «Жасыл даму» АҚ (утильалым операторы) Астана қаласының экономикалық сотына тасымалдаушыға қарсы талап-арыз түсірді. Оператордың нұсқасы бойынша, фуралар елден шықпаған, керісінше еркін айналымға енгізілген, соған байланысты компания утилизациялық алымды төлеуге міндетті.
Тіркеу базаларындағы парадокс
Екі елдің мемлекеттік тізілімдерінен алынған үзінді көшірмелерді зерттей келе, компания заңгерлері мынадай аномалияны анықтады:
Ресейде: Түпнұсқа алты көліктің барлығы физикалық түрде РФ-дағы тіркелген жерінде орналасқан және жергілікті есепте тұр.
Қазақстанда: ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің базасында тура сондай VIN-кодтармен мүлде басқа жүк көліктері — өзге мемлекеттік нөмірлермен және бөгде жеке әрі заңды тұлғаларға тіркеліп тұр.
Карточкаларды егжей-тегжейлі салыстыру кезінде оқыс жайттар анықталды:
Күндермен ойын: Бірнеше жағдайда «қазақстандық аналогтар» түпнұсқа көліктер уақытша әкелуден кейін ресми түрде есептен шығарылып үлгергенше жаңа иелеріне тіркеліп қойған.
Түстің өзгеруі: Екі көлікті қайта тіркеу процесінде жүйеде шанақ түсі ақтан көк және қызыл түске ауысқан, бірақ «айрықша белгілер» бағанында белгісіз себептермен бастапқы түсі — ақ болып қала берген.
Өңірлердегі шатасу: VIN-нөмірлердің бірі бойынша бірнеше жыл айырмашылығы бар екі тәуелсіз тіркеу желісі байқалады, алайда Қызылорда облысы ПД өзінің ресми жауабында оның тек біреуін ғана «көрген».
Жүйелік ақау ма, әлде қылмыстық схема ма?
Уақытша әкелу режимі халықаралық тасымалдаушылар арасында кеңінен танымал, өйткені ол утильалым мен баждан босатады. Дегенмен бұл режим осал тұс та тудырады: егер елден шығарылған автокөлік туралы жазбаны дәл сондай маркалы әрі модельді басқа нақты көлікке «байлап қойса», миллиондаған алымдарды төлемей, тіркелмеген автокөлікті есепке қою мүмкіндігі ашылады. DAF XF көліктері — ТМД елдеріндегі ең өтімді модельдердің бірі, бұл «сыңарларды» таңдауды жеңілдетеді.
Сарапшылар ортасында атыраулық фураларға қатысты бұл оқиға жекелеген жағдай емес, «елес-көліктер» проблемасының бұрыннан келе жатқан көрінісі болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Енді сот пен құқық қорғау органдарына ІІМ базаларындағы техникалық қателік туралы сөз болып отыр ма, әлде бұл салық заңнамасын айналып өтудің жолға қойылған схемасы ма — осының басын ашып алу жүктеледі.
В Атырау +31