
Батыс Қазақстан облысында «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК өңірлік филиалының басшысы Арман Қожахметов екі айға қамауға алынды.
Ол кәсіпкерден 5 млн теңге алды деп күдіктеліп отыр, деп хабарлады Батыс Қазақстан облыстық қоғамдық кеңесінің мүшесі Бауыржан Зақи.
Алдын ала мәлімет бойынша, Қожахметов киік аулауға рұқсат бергені үшін заңсыз ақшалай сыйақы талап еткен. Оны 11 қыркүйекте аталған соманы алу үстінде ҰҚК-ның Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің қызметкерлері ұстады.
12 қыркүйекте Орал қаласының тергеу соты күдіктіні екі ай мерзімге қамауға алуды санкциялады.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігінің 2-тармағы — мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттi не оған теңестiрiлген адамның өзінің қызмет бабын пайдалана отырып жасаған алаяқтық бабы бойынша жүргізілуде.
Бұл бап бойынша мүлкі тәркіленіп, айыппұл салудан бастап үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бостандығын шектеуге немесе одан айыруға дейінгі жаза көзделген. Сондай-ақ сот белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыруы мүмкін.
Арман Қожахметов Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне қарасты Батыс өңірлік филиалын 2020 жылдың наурыз айынан бері басқарып келген.
В Атырау +31