
2026 жылғы 15 қыркүйектен бастап Қазақстан азаматтары Таиландта елге кірген күннен бастап 30 күнтізбелік күннен артық визасыз жүре алмайды. Бұған дейін рұқсат етілген мерзім 60 күнді құраған еді.
Кеңейтілген режим жойылғаннан кейін қазақстандықтарға қатысты Қазақстан мен Таиланд үкіметтері арасындағы ұлттық паспорт иелерін визалық талаптан босату туралы екіжақты келісім қолданылады.
Оның шарттарына сәйкес, бір сапардың ұзақтығы 30 күнтізбелік күннен аспауы тиіс. Әрбір 180 күндік кезең ішінде Таиландта жиынтық түрде 90 күннен аспайтын мерзімде визасыз болуға рұқсат етіледі.
Корольдікте бір айдан ұзақ қалуды жоспарлағандар тиісті визаны алдын ала ресімдеуі қажет.
Өзгерістер 15 қыркүйекте күшіне енеді. Осы күнге дейін Таиландқа кіріп, 60 күнге рұқсат алған саяхатшылар шекаралық бақылаудан өту кезінде қойылған мөрде көрсетілген мерзімге дейін елде бола алады.
Таиланд 2024 жылдың шілдесінен бері қолданыста болған визасыз кірудің жалпы жүйесін қайта қарауда. Ел билігі талаптардың күшейтілуін миграциялық бақылауды нығайту және туристік режимді заңсыз жұмыс пен басқа да заңсыз әрекеттер үшін пайдаланудың алдын алу қажеттілігімен түсіндірді.
В Атырау +30.5