
"Қарасора – 2026" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полиция қызметкерлері Ұлттық Ұлан әскери қызметшілерімен бірігіп, Жамбыл облысында ірі есірткі алқабын жою бойынша арнайы операцияны сәтті өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Өңірдің құмды алқапқа жақын аумағында автономды электр қуатымен жабдықталған және суару жүйесімен қамтылған, үнді қарасорасы өсірілгені анықталды. Жасырын алқабты анықтау үшін әуе барлауы қолданылды. Ұшқышсыз ұшу аппараттарын көмегімен және жедел қызметкерлердің үйлесімді іс-қимылдарынын нәтижесінде күдікті қылмыс жасау үстінде ұсталды. Ол – бұрын бірнеше рет сотты болған Тараз қаласының 40 жастағы тұрғыны болып шықты. Ол құрамында есірткі заттары бар өсімдіктерді өңдеп және басқа өңірлерге апарып көтерме бағамен сатуды көздеген.
Тінту барысында жалпы салмағы 438 келі болатын биіктігі екі метрден астам 50 түп қарасора, қаптама материалдар және арнайы агротехникалық жабдықтар тәркіленді. Жедел қызметкерлердің назарына оқ-дәрілері бар, сериялық нөмірі өшірілген Макаров тапаншасы ілікті.
Сондай-ақ 12 калибрлі Байкал мылтығы, оған арналған оқ-дәрілер және есірткі тасымалдауға пайдаланылған жол талғамайтын автокөлік тәркіленді. Күдіктіге қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 300 және 287-баптары бойынша құрамынада есірткі заты бар өсімдіктерді өсіру және заңсыз қару сақтау фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалды. Күдікті кінәсін мойындап, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта есірткінің заңсыз айналымына қатысы бар өзге де тұлғаларды анықтау бойынша жедел іс-шаралар жүргізіліп жатыр.
В Атырау +26.9