
Алматы — Ақтау рейсінің жолаушысы «бомба» сөзін айтқаннан кейін ұшақтан түсірілді. Қазақстанның Көлік министрлігінің хабарлауынша, тексеру жұмыстары ұшақтың ұшуын екі сағатқа жуық уақытқа кешіктірді.
Ведомство түсіндіргендей, экипаж бен авиациялық қауіпсіздік қызметкерлері қауіп төндіруі мүмкін кез келген мәлімдемеге байыппен қарауға міндетті. Олар айтылған сөздің әзіл, абайсызда айтылған сөз немесе шынайы қауіп туралы ескерту болғанын бірден анықтай алмайды.
Мұндай мәлімдемелерден кейін міндетті қауіпсіздік рәсімдері жүргізіледі. Олар ұшақты, багаж бен қол жүгін тексеруді, арнайы қызметтерді тартуды, жолаушыларды эвакуациялауды және әуежайдың жекелеген аймақтарына кіруді шектеуді қамтуы мүмкін.
Кейбір жағдайларда әуе компаниясына ұшақты немесе экипажды ауыстыруға, жолаушыларға қайтадан қызмет көрсетуге және ұшу уақытын кейінге шегеруге тура келеді. Бұл жүздеген адамға қолайсыздық туғызып, қосымша шығындарға әкеледі.
Көлік министрлігі жолаушыларды ұшақтар мен әуежайларда бомба, жарылғыш заттар, қару-жарақ, террористер, әуе кемесін басып алу және багаждағы қауіпті заттар туралы әзілдемеуге шақырды.
Бұл ретте қылмыстық жауапкершілік кездейсоқ айтылған сөз үшін емес, терроризм актісінің дайындалып жатқаны туралы көрінеу жалған хабарлағаны үшін туындайды. ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабына сәйкес, бұл әрекет үшін айыппұл салу, түзеу жұмыстары, бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
В Атырау +12