
Ақтөбеде 35 мың көрерменге арналған жаңа футбол стадионының құрылысы басталды. Негізгі жұмыстардың бірінші кезеңін қаржыландыру үшін Қазақстан Үкіметі өз резервінен 6,5 миллиард теңге бөлді. Жоба толықтай 2028 жылдың қыркүйегінде пайдалануға беріледі.
Жаңа арена қаланың батыс бөлігіндегі 25 гектар аумақта бой көтеріп жатыр. УЕФА-ның 4-деңгейлі талаптарына сай келетін бес қабатты спорт кешенінің жалпы ауданы 80 мың шаршы метрден асады. Мұнда футбол алаңы мен трибуналардан бөлек, командалар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған тиісті инфрақұрылым қарастырылған. Сонымен қатар нысанда жас спортшыларды даярлау жоспарланған.
Ірі жоба үш кезең бойынша жүзеге асырылады. Арена іске қосылған соң халықаралық деңгейдегі матчтарды, сондай-ақ бұқаралық спорттық, мәдени және қоғамдық шараларды өткізуге мүмкіндік береді.
Қазіргі Ақтөбе орталық стадионы 1975 жылы салынған және ол бары-жоғы 13 мың көрерменге шақталған. «Ақтөбе» футбол клубының ойындарына келетін жанкүйерлер саны қолданыстағы аренаның сыйымдылығынан жиі асып кетеді. Жаңа спорт кешенінің құрылысы өңірдегі осы тапшылықты шешуге бағытталған.
Қаражат бөлу туралы шешім Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылы Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында футболды дамыту мен өңірлік спорт инфрақұрылымын жаңғырту жөнінде берген тапсырмасы аясында қабылданды.

В Атырау +12