Атырау, 10 қыркүйек 10:38
 дождьВ Атырау +13.4
$ 456.89
€ 531.36
₽ 5.32

Қазақстандық кәсіпорындар ЕАЭО-ның жаңа кооперациялық жобаларына қатысады

39 рет қаралды

Мұндай шешімдер ЕЭК Кеңесінің онлайн форматта өткен кезекті отырысында қабылданды. Қазақстан тарапын Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин басқарды.

Атап айтқанда, Мәскеу облысында АКРУС бояу және лак өндіретін кәсіпорнын салу жөніндегі кооперациялық жоба туралы сөз болып отыр. Мұнда қолданыстағы баламалармен салыстырғанда коррозияға және от әсеріне төзімділігі жоғары лак-бояу материалдарын шығару жоспарлануда. Жобаны іске асыру бес жылға есептелген және биыл басталады.

Жобаға беларустық «Орион-ВК» ҒӨК, материалдар мен технологиялық жабдықтардың бір бөлігін жеткізуді қамтамасыз ететін қазақстандық «ASYL CONSTRUCTION» ЖШС және ресейлік «АКЗ покрытия» ЖШҚ қатысады.

Тағы бір жаңа кооперациялық жоба – Самара гипс комбинаты базасында жаңа араластыру желісін салу. Жоба құрылыс және арнайы мақсаттағы құрғақ қоспалар өндірісін жылына 75,5 мың тоннаға арттыруды көздейді. Қазақстан тарапынан жобаға инженерлік және құрылыс қызметтерін көрсететін «Элита» ЖШС, Беларусь тарапынан «Ремеза» ЖАҚ қатысады. Осы жобаны іске асырудан түсетін салық түсімдері есебінен Қазақстан бюджетіне болжамды экономикалық әсер шамамен 180 млн теңгені құрайды.

Еске сала кетейік, 2025 жылы Ақмола облысында ауыл шаруашылығы техникасын өндіру жөніндегі кооперациялық жоба мақұлданған болатын.

Белгілі болғандай, ЕАЭО-дағы кооперациялық жобалар жобаны іске асыру үшін берілетін қарыздар бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау есебінен төмендетілген мөлшерлемемен жеңілдікті қаржыландыруға ие болады. Жобалар технологиялық дамуға және өндірістің жаңа модельдерін құруға, экономикалық одақ елдері арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге ықпал етуге бағытталған.

Кеңес отырысында аграрлық салаға қатысты бірқатар құжаттарға өзгерістер де қабылданды. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы дақылдарының сорттық егістіктерін далалық апробациялау әдісіне өзгерістер енгізу туралы шешім қабылданды.

Бұдан бөлек, ЕАЭО елдерінің кеден шекарасы мен аумағында карантинге жатқызылған өнімдер мен объектілерге қойылатын Бірыңғай карантиндік фитосанитариялық талаптарға өзгерістер енгізу туралы шешім қабылданды. Өзгерістер пепино мозаикасы вирусына қатысты карантиндік фитосанитариялық шараларды қолдануды оңтайландыруға бағытталған. Бұл вирус қызанақ, бұрыш және баклажанға әсер етеді. Елде карантиндік фитосанитариялық қауіпсіздіктің жеткілікті деңгейін қамтамасыз ету шартымен аталған өнімдерде осы вирустың болмауы туралы талапты алып тастау көзделіп отыр.

Сондай-ақ ЕАЭО елдерінің кеден шекарасы мен аумағында карантиндік фитосанитариялық бақылауға жататын карантинге қойылатын өнімдер тізбесін өзгерту туралы шешім қабылданды. Атап айтқанда, Бірыңғай талаптарда көзделген таңбасы болған жағдайда, ағаштан жасалған орау және бекіту материалдарына фитосанитариялық сертификатты міндетті түрде рәсімдеу талабы алынып тасталады.

Бұл өзгерістер ЕАЭО елдерінің аумағында тиісті өнімдерді өндіру мен саудалауға неғұрлым қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

Кеңес отырысында Кеден одағының «Ойыншықтардың қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентіне де өзгерістер енгізілді. Түзетулер 14 жасқа дейінгі балаларға арналған ойыншықтарға қойылатын міндетті талаптарды белгілейді. Олар тұтынушыларды өнім туралы дұрыс емес ақпараттан қорғауға, сондай-ақ белгіленген қауіпсіздік нормаларына сәйкес келмейтін ойыншықтардың айналымға шығарылуына жол бермеуге бағытталған.

Тараптар басқа да салалардың және Комиссия қызметіне қатысты бірқатар өзге де рәсімдік мәселелерді талқылап, олар бойынша шешімдер қабылдады.

Бүгін, 09:50

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.