
Қыркүйек айында Астана, Өскемен қалалары мен Алматы облысының аумағында 40 млн теңге көлемінде бопсалау жасады деген күдікпен жеті адам ұсталды. Олардың үшеуі, соның ішінде адам өлтіргені үшін де бұрын сотталған.
Тінту барысында күдіктілерден атыс қаруы мен суық қару, оқ-дәрілер, сондай-ақ бірнеше қымбат автокөлік тәркіленді. Құқыққа қайшы әрекеттерді анықтау және жолын кесу бойынша осындай шаралар Астана, Шымкент қалаларында, сондай-ақ Ақтөбе, Атырау, Абай, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды және Маңғыстау облыстарында жүргізілді.
— Жалпы, аталған фактілер бойынша 50-ден астам адам қылмыстық жауапкершілікке тартылуда. Заңсыз айналымнан 10-нан астам атыс және травматикалық қару, сондай-ақ оларға арналған оқ-дәрілер тәркіленді. Бұдан бөлек, дер кезінде қабылданған шаралардың арқасында жәбірленушілердің 77 млн теңгеден астам қаражатын иемденуге жол берілмеді.
Қазіргі уақытта қылмыстық істер бойынша қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Сонымен қатар құқыққа қайшы әрекеттерге қатысы бар басқа да тұлғаларды анықтау және жауапкершілікке тарту бойынша шаралар қабылдануда.
Ішкі істер министрлігі азаматтар мен қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіретін қылмыстардың алдын алу және жолын кесу жұмыстарын жалғастыруда. Қылмыстық топтарды дер кезінде анықтауға, олардың қызметінің жолын кесуге және жаңа құқық бұзушылықтардың жасалуына жол бермеуге ерекше көңіл бөлінеді.
«Заң және тәртіп» қағидаты кінәлілерді жауапкершілікке тартуды ғана емес, сонымен қатар құқық бұзушылықтардың жүйелі профилактикасын жүргізуді, азаматтарды қорғауды және қауіпсіз орта қалыптастыруды көздейді. Ішкі істер органдарының осы бағыттағы жұмысы тұрақты негізде жалғастырылатын болады, — деді ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.
В Атырау +13.4