
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповты қабылдап, ұйымның өндірістік-қаржылық көрсеткіштері мен ірі инфрақұрылымдық жобаларының орындалу барысы туралы есепті тыңдады.
Нұрлан Жақыповтың мәліметінше, 2026 жылы Қор жалпы құны 3,2 триллион теңгені құрайтын инвестициялық жобаларды аяқтауды жоспарлап отыр.
Биыл аяқталатын негізгі жобалар:
- «Мойынты – Қызылжар» және «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желілерінің құрылысы;
- «Алтынкөл – Жетіген» мен «Бейнеу – Маңғыстау» теміржол учаскелерін жаңғырту;
- Қашаған кен орнындағы газ өңдеу зауытының құрылысы;
- Алматыдағы екінші жылу-электр орталығын (ЖЭО-2) жаңарту;
- Түркістан облысында бу-газ қондырғысы мен гибридті электр станциясын салу.
Сонымен бірге Астанадағы деректерді өңдеу орталығының құрылысы мен Каспий теңізінің табаны арқылы талшықты-оптикалық байланыс желісін жүргізу жұмыстары мәреге жақындап қалды.
Президентке Қордың ұзақ мерзімді жоспарлары да таныстырылды. 2027–2029 жылдарға арналған инвестициялық портфель аясында энергетика, мұнай-газ, көлік және цифрлық инфрақұрылым салаларында 21 триллион теңгеге бағаланған 38 жобаны іске асыру көзделген.
Қордың әлеуметтік бастамалары аясында медициналық және білім беру нысандарына басымдық беріліп отыр. Бүгінге дейін мүгедектігі бар балаларға арналған 55 орталық пен 46 инклюзия кабинеті ашылды, сондай-ақ спорттық инфрақұрылымды дамыту шаралары жалғасуда.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қор жұмысының негізгі бағыттарын сапалы іске асыру бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.
В Атырау +21.2