
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованы қабылдап, биылғы 8 айдың қорытындысын тыңдады. Кездесуде бизнеске несие беруді ұлғайту, тұтынушылық қарызды шектеу және қаржы саласына жасанды интеллект енгізу мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Ақорда.
Жыл басынан бері кәсіпкерлікке берілген жаңа несие көлемі 19,1 пайызға артып, 12,5 триллион теңгеге жетті. Ал бизнеске берілген жалпы кредит портфелі 3,5 пайызға өсіп, 16 триллион теңжені құрады.
Қабылданған реттеу шараларының нәтижесінде 7 айда тұтынушылық несиенің өсу қарқыны 4,6 пайызға дейін баяулады. Халықтың шамадан тыс қарыздануын азайту үшін шілде айында мерзімі кешіктірілген берешекті ұжымдық реттейтін Finkelisim.kz платформасы іске қосылды. Ал жыл соңына дейін азаматтардың арыз-шағымдарын қарау үшін Бірыңғай қаржы омбудсменінің кеңсесі жұмысын бастайды.
Банктер туралы жаңа заңды іске асыру аясында заңға тәуелді актілер базасы жаңартылып, 80 нормативтік-құқықтық құжат қабылданды. Нәтижесінде банк секторының активтері 6,9 пайызға өсіп, 75,6 триллион теңгеге жетті, ал капиталдың жеткіліктілігі 20,7 пайызды құрады.
Сонымен қатар Агенттік қаржы секторы субъектілеріне 279 инспекторлық тексеру жүргізіп, 190 қадағалау шарасын қолданды. Заң бұзған мекемелерге 465 миллион теңге айыппұл салынды. Талаптарды орындамаған 13 микроқаржы ұйымы мен коллекторлық агенттік лицензиясынан айырылды, 6 субъектінің жұмысы уақытша тоқтатылды, ал 4 коллекторлық агенттік тізілімнен шығарылды.
Мәдина Әбілқасымова Мемлекет басшысына Капитал нарығы мен сақтандыру нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы мен «Капитал нарығы туралы» және «Сақтандыру нарығы туралы» жаңа заң жобаларын әзірлеу барысын баяндады.
Қаржы секторын цифрландыру мақсатында жасанды интеллектке негізделген FinAI бірыңғай қадағалау платформасы құрылды. Жыл соңына дейін ақпараттық қауіпсіздік пен деректерді қорғаудың ортақ тәсілдерін қарастыратын Қаржы нарығына жасанды интеллектіні енгізу стратегиясы әзірленеді.
Кездесу қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету, нақты секторды кредиттеуді арттыру, жасанды интеллектіні кеңінен қолдану, сондай-ақ капитал мен сақтандыру нарығын одан әрі дамыту жөнінде бірқатар міндет жүктеді.
В Атырау +20.8