
Алматыда бұрын Қайрат Сатыбалдыұлына тиесілі болған жұмыс істеп тұрған DoubleTree by Hilton қонақүй кешені электрондық сауда-саттыққа шығарылды. Нысанның бастапқы құны 12,759 млрд теңгені құрайды.
Лоттың сипаттамасына сәйкес, сатушы ретінде Алматы қаласының мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті сөз болады. Бағаны көтеруге арналған аукцион 2026 жылғы 25 қыркүйекке жоспарланған. Бұл ретте нысанды сауда-саттықтың жалғыз қатысушысына да сатуға рұқсат етілген.
Досмұхамедов көшесі, 115 мекенжайында орналасқан қонақүй кешенінің жалпы ауданы 16 196,4 шаршы метрді құрайды. Жер телімінің ауданы — 0,2581 гектар.
Жер телімінің өзі жекешелендіру нысанының құрамына кірмейді және оның бағалау құнында есепке алынбаған. Дегенмен жер телімін иелену құқығы заңнамаға сәйкес сатып алушыға өтеді. Қонақүйге салынған тыйымдар жоқ, бұл ретте жер телімінде «Су желісі» кәсіпорнының пайдасына сервитут (белгілі мақсатта біреудің жерін пайдалану құқығы) қолданылады.
Қонақүй мемлекет меншігіне 2023 жылдың қыркүйегінде Қайрат Сатыбалдыұлы мен Мемлекеттік мүлік департаменті арасында жасалған сыйға тарту шарты бойынша өтті. Кейіннен мемлекеттік орган сот арқылы ғимаратты иемденіп отырған жеке компаниялардан нысанды босатуды талап етті.
Бұған дейін қонақүй 6,49 млрд теңгеге бағаланған болатын. Ол келтірілген шығынды өтеу шеңберінде Қайрат Сатыбалдыұлының мемлекетке берген мүлкінің тізбесіне кірді. Бұрын жарияланған мәліметтерге сәйкес, ол қайтарған активтер мен ақшалай қаражаттың жалпы құны 732,8 млрд теңгеден асты.
В Атырау +19.4