Атырау, 8 қыркүйек 18:58
 дождьВ Атырау +21.6
$ 454.31
€ 528.04
₽ 5.25

Бос жұмыс орны көп, ниет білдірушілер аз: Қазақстанда бос орындардың 40%-ға жуығына сұраныс жоқ

67 рет қаралды
ЖИ көмегімен жасалған сурет
ЖИ көмегімен жасалған сурет

Жыл басынан бері қазақстандық жұмыс берушілер Электронды еңбек биржасында 845 мың бос жұмыс орнын орналастырды.

Бұл ретте ұсыныстардың 30–40%-ы сұраныссыз қалып отыр, деп хабарлайды Үкімет деректеріне сілтеме жасаған POVestka Telegram-арнасы.

Жалпы ұсыныс аясында 432 мың бос орын жұмысшы мамандарға тиесілі. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, жұмыс тапқан қазақстандықтардың 70%-ға жуығы Электронды еңбек биржасы арқылы жұмысқа орналасады.

Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында елде жұмыс істегісі келетін азаматтар үшін бос орындардың жеткілікті екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, кадр тапшылығына байланысты кәсіпорындар шетелден мамандар шақыруға мәжбүр.

«Жұмыс тоқтап қалмауы үшін шетелден мыңдаған маман тартуға мәжбүрміз. Қоғамда елде жұмыс жоқ деген пікір қалыптаспауы керек. Жұмыс істегісі келетін адамға жұмыс табылады», — деді Үкімет басшысы.

Еңбекминінің ақпараты бойынша, Қазақстанға жыл сайын 300 мыңға жуық еңбек мигранты келеді. Еңбек министрі Асқарбек Ертаев билік әкімдіктермен бірлесіп мансап орталықтарының жұмыс тәсілдерін өзгертіп жатқанын және қосымша цифрлық жүйені енгізіп жатқанын хабарлады.

Enbek.kz сайтындағы хабарландыруларды талдау жұмысшыларға, инженерлерге, электр монтаждаушыларға, тас қалаушыларға, педагогтерге, медицина қызметкерлеріне, жүргізушілерге, тігіншілерге, күзетшілерге, бухгалтерлерге, аспаздарға және автомеханиктерге жоғары сұраныс бар екенін көрсетті.

Құрылыстағы біліктілігі жоқ жұмысшыларға орта есеппен 350 мың теңге шамасында, ал білікті мамандарға кейбір бос орындарда 1,5 млн теңгеге дейін еңбекақы ұсынылады. Осындай ең жоғары табыс слесарь-электр монтаждаушыларға арналған ұсыныстарда да кездеседі.

Математика пәнінің мұғалімдеріне 460 мың теңгеден басталатын, орыс тілі мен әдебиеті мұғалімдеріне 600 мың теңгеге дейінгі жалақы ұсынылады. Кейбір хабарландыруларда медбикелердің табысы миллион теңгеден асады, ал санитарларға 350 мың теңгеге дейін ұсынылады.

Автобус жүргізушілерінің жалақысы 400 мыңнан 800 мың теңгеге дейінгі аралықты құрайды. Тігіншілер 500 мың теңгеге дейінгі табысқа иек арта алады, сауда өкілдері мен қойма меңгерушілері — 700 мыңға дейін, ал бухгалтерлер 800 мың теңгеге дейін ала алады.

Ұсынылатын сома өңірге, кәсіпорынға, біліктілікке, еңбек өтіліне, жұмыс кестесі мен еңбек жағдайларына байланысты. Кейбір жұмыс берушілер жұмыс тәжірибесі мен арнайы білімі жоқ үміткерлерді қабылдауға дайын, алайда ең жоғары жалақы әдетте білікті мамандарға қарастырылған немесе айрықша жұмыс жағдайларымен байланысты.

Бүгін, 17:50

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.