Атырау, 8 қыркүйек 17:28
 дождьВ Атырау +20.9
$ 454.31
€ 528.04
₽ 5.25

​Күйеуін полицияға ұстатып бермек болған ақтөбелік полицейдің өзі жауапқа тартылды

52 рет қаралды
Сурет: gov.kz
Сурет: gov.kz

Ақтөбеде отбасылық жанжал кезінде күйеуін полицияға шағымданған полиция аға лейтенантының өзі әкімшілік жауапқа тартылды. Сот істі саралай келе, әйелді кінәлі деп тапты және оған күйеуіне жақындауға тыйым салатын қорғау нұсқамасын шығарды, деп хабарлайды hronika.kz

Сот шешімі мен шектеулер

Алмалы аудандық сотының шешімімен полиция қызметкеріне ресми түрде ескерту жасалып, 30 тәулікке созылатын қорғау нұсқамасы бекітілді. Осы бір ай ішінде аға лейтенантқа күйеуіне жақындауға, оның соңына түсуге, қоңырау шалуға, мессенджерде хат жазуға немесе үшінші тұлғалар арқылы байланысуға қатаң тыйым салынады.

Сонымен бірге ол профилактикалық есепке алынып, учаскелік инспекторлар оның тұрғылықты мекенжайын аптасына кемінде бір рет тексеретін болады.

Оқиға қалай өрбіген?

Оқиға 1 қыркүйекте болған. Полиция қызметкері 102 нөміріне қоңырау шалып, күйеуінің күш көрсеткенін айтып шағымданған. Оқиға орнына келген тәртіп сақшылары ер адамға қатысты хаттама толтырып, оны медициналық куәландыруға алып кеткен.

Дегенмен, келесі күні сот отырысында ер адам ұялы телефонына түсірілген видеожазбаны ұсынды. Кадрдан шағымданушы әйелдің өзі балағат сөздер айтып, күйеуін шымшып, тиіскені көрінеді. Сараптама әйел денесінен соққы іздерін таппады, ал көршілері пәтерден айғай-шу естімегенін растады.

Нәтижесінде судья құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты ер адамға қатысты істі тоқтатты. Ал шағымданған полицейге қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-бабы («Отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қайшы әрекеттер») бойынша хаттама толтыру тапсырылды.

Егер полиция қызметкері қорғау нұсқамасының талаптарын бұзса, әкімшілік қамауға алынуы және ішкі істер органдарынан жұмыстан шығарылуы мүмкін. Әзірге ол қызметінен босатылған жоқ.

Бүгін, 16:16

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.