
Жамбыл облысында Мәжілістің экс-депутаты Бақытжан Базарбектің қатысуымен болған ауыр жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен 36 жастағы Нұржігіт 24 күннен кейін есін жиды. Ол комадан шығып, жақындарын тани бастаған.
Зардап шегушінің денсаулығы жақсарғаны туралы Бақытжан Базарбектің өзі әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады. Оның айтуынша, Нұржігіт анасын, жұбайын, балалары мен бауырларын танып отыр.
Жағдайы мен емі
Нұржігіт Таразда дәрігерлердің бақылауында жатыр. Қарқынды терапия бөлмесінде оған реаниматолог Гамзат Мусаев бастаған анестезиология және реанимация бөлімшесінің мамандары ем көрсетіп жатыр. Сондай-ақ емдеу процесіне Денсаулық сақтау министрлігі де көмектесуде. Экс-депутат дәрігерлерге және зардап шегушінің отбасына қолдау білдірген қазақстандықтарға алғысын айтты. Сондай-ақ ол журналистерді тек ресми мәліметтерге сүйенуге және шынайы емес ақпаратты таратпауға шақырды.
Оқиғаның мән-жайы
Жол апаты Жамбыл облысында болды. Жол-көлік оқиғасы салдарынан 36 жастағы азамат ауыр жарақаттар алды: бастың жабық ми жарақаты, мидың соғылуы, сондай-ақ қабырғаларының, білегі мен асықты жілігінің сынуы. Ол тым ауыр жағдайда реанимацияға жеткізілген еді. Жамбыл облысының Полиция департаменті жол-көлік оқиғасы дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады, тергеу әрекеттері жалғасып жатыр. Бұған дейін Базарбек өзі мен жұбайының сотқа дейінгі тергеп-тексеру материалдарын жария етпеу туралы қолхат бергенін нақтылаған болатын.
В Атырау +14.4