
Кассациялық сот әлеуметтік желідегі бейнероликтері үшін заңсыз жұмыстан шығарылған дәрігердің құқығын қорғады. Ол бұрынғы лауазымына қайта орналасып, мәжбүрлі түрде жұмыссыз жүрген уақыты үшін жалақысын толық өндіріп алады.
Іс материалдары бойынша, азаматша Е. 2023 жылдың 17 тамызынан бері мемлекеттік емханада дәрігер болып еңбек еткен. Алайда 2025 жылдың 8 тамызында мекеме басшылығы онымен еңбек шартын бұзған. Бұған дәрігердің әлеуметтік желіде балағат сөздер айтылған бейнероликтер орналастыруы себеп болған.
Емхана әкімшілігі бұл әрекетті Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 4-1) тармақшасына, яғни жұмыскердің кәсіби қызметке қойылатын талаптарға сәйкес келмейді деп негізге алған.
Алайда сот процесінде жұмыс беруші тарап маманның кәсіби біліксіздігін растайтын ешқандай жазбаша немесе басқа да дәлелдер ұсына алмады. Керісінше, оның тікелей медициналық қызметіне қатысты бұған дейін ешқандай шағым мен наразылық болмағаны анықталды.
Бұған дейін бірінші инстанция мен апелляциялық сот жұмыс берушінің бұйрығын заңды деп танып, дәрігердің арызын қанағаттандырудан бас тартқан еді.
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот төменгі сатыдағы сот актілерінің күшін жойып, дәрігердің талап арызын толық қанағаттандырды. Сот емхананы дәрігерді қызметіне қайта алуға және жұмыссыз жүрген уақытына жалақы төлеуге міндеттеді.
В Атырау +14.4