
Қазақстанда жаңа мұнай өңдеу және мұнай-химия кешенін салу жоспары бар. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов пен Оңтүстік Кореяның Samsung E&A компаниясының бас атқарушы директоры Хонг Намкунг осы стратегиялық жоба бойынша ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады.
Кездесуде кореялық тарапқа жобаның дайындық барысы мен болашақ кешеннің технологиялық құрылымы таныстырылды. Келіссөз кезінде мұнай-химия өндірісін дамытуға, озық инженерлік шешімдерді енгізуге және жеке инвестиция тартуға ерекше назар аударылды.
Samsung E&A өкілдері жобаны одан әрі егжей-тегжейлі зерделеуге және оны іске асырудың кейінгі кезеңдеріне қатысуға қызығушылық білдіріп отыр. Аталған компания – мұнай өңдеу, мұнай-химия және энергетика салаларында ірі жобаларды жүзеге асыруда мол тәжірибесі бар Оңтүстік Кореяның жетекші инжинирингтік және EPC-алыптарының бірі.
Қазір елімізде жаңа кешеннің алдын ала техникалық-экономикалық негіздемесі (ТЭН) әзірленіп жатыр. Мамандар шикізат базасы мен инфрақұрылым мүмкіндіктерін ескере отырып, болашақ кәсіпорынның өндірістік бағытын, технологиялық конфигурациясын және қай жерде орналасатынын пысықтап жатыр.
Энергетика министрлігі ауқымды жобаны іске асыру үшін әлеуетті инвесторларды, технологиялық серіктестерді және халықаралық беделді инжинирингтік компанияларды тарту жұмыстарын жалғастыра береді. Келіссөз қорытындысы бойынша тараптар диалогты үзбей, ынтымақтастық жоспарын одан әрі нақтылауға келісті.
В Атырау +28.2