
Петропавлда 62 жастағы Валерий Кричиневскийге үкім шықты — 90-жылдардағы ауыр қылмыстары үшін 25 жыл жазасын өтеген қауіпті рецидивист әйелге шабуыл жасағаны үшін қайтадан торға тоғытылады.
Кричиневский жеті жасар қызды өлтiргенi, бірнеше рет зорлағаны және 11 қарақшылық шабуыл жасағаны үшін ширек ғасырға созылған жаза мерзімін толық өтеп, 2024 жылдың қаңтарында бостандыққа шыққан еді. Босатылғаннан кейін ол Әлеуметтік бейімдеу орталығына орналастырылып, әкімшілік қадағалауға алынды, алайда бостандықта ұзақ жүре алмады.
Шабуылдың мән-жайы
Осы жылдың шілде айында Петропавл шетінде рецидивист саяжайдан қайтып келе жатқан 54 жастағы әйелді аңдып тұрған. Қылмыскер оған «жоғалған сиыр» туралы сұрақ қойып, назарын аударған, ал жолаушы тоқтаған кезде — оған тап беріп, жерге сұлатып салып, қылғындыра бастаған.
Әйелді кездейсоқ жағдай құтқарды: шабуылшыны өтіп бара жатқан тұрғын үркітіп жіберген. Ер адамның сасқалақтап қалғанын пайдаланған жәбірленуші велосипедпен жолға дейін жетіп, өтіп бара жатқан көлікті тоқтатып, жүргізушіден полиция шақыруды өтінген.
Электронды білезік арқылы ұсталды
Полицияға шабуылшыны ізін суытпай жедел анықтап, ұстауға Кричиневскийдің әкімшілік қадағалау шарты бойынша тағып жүрген электронды білезігі көмектесті.
Сот процесі жабық режимде өтті. Судья Тахмина Собирова айыпталушыны кінәлі деп танып, оған қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі максималды мекемесінде 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады — бұл осы бап бойынша заңда қарастырылған ең қатаң мерзім.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
В Атырау +28.2