
Қазақстандықтардың басым бөлігі өздері тұратын елді мекендердегі өзгерістерді оң бағалайды.
Назарбаев Университеті жанындағы Ұлттық талдау орталығы жүргізген зерттеуге сәйкес, сауалнамаға қатысқандардың 82%-ы қазіргі тұрмыс жағдайына көңілі толатынын айтқан.
Респонденттердің 68%-ы соңғы үш жылда инфрақұрылым мен халыққа көрсетілетін қызметтердің жақсарғанын байқаған. Бұл пікірмен келіспегендердің үлесі 30%-ды құраса, 2%-ы жауап беруге қиналған.
Қалаларда оң өзгерістерді байқаған тұрғындардың үлесі 71%-ды, ауылдық жерлерде 62%-ды құрады. Инфрақұрылымның жақсарғанын көбіне 18–35 жас аралығындағы респонденттер атап өткен — 78%.
Сауалнамаға қатысқандардың 68%-ы алдағы үш жылда өз елді мекеніндегі жағдай одан әрі жақсарады деп күтеді. Респонденттердің 23%-ы айтарлықтай өзгеріс болмайды деп есептесе, 3%-ы жағдайдың нашарлауынан қауіптенеді.
Тұрғындар соңғы үш жылдағы ең елеулі өзгерістер ретінде мыналарды атаған:
- жолдардың жағдайы — 32%;
- абаттандыру — 29%;
- саябақтар мен көгалдандыру — 22%;
- мектептер мен балабақшалар — 18%;
- жаңа тұрғын үйлер — 15%.
Сонымен бірге респонденттердің 15%-ы елді мекенінде ешқандай оң өзгеріс байқамағанын айтқан.
Халық алдағы уақытта жолдар мен абаттандыруды дамытуды басты міндеттер қатарына жатқызады — бұл бағыттарды респонденттердің 26%-ы таңдаған. Одан кейін ауруханалар мен емханалар — 21%, интернет пен мобильді байланыс — 20%, мектептер мен балабақшалар — 19%, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық — 17%.
ҰТО Мемлекеттік саясат орталығының бас зерттеушісі Роза Тілеуханның айтуынша, тұрғындар инфрақұрылымдық өзгерістердің күнделікті өмірдегі нақты нәтижесін байқап отыр. Сонымен қатар сауалнама қоғамда елді мекендерді одан әрі дамытуға деген тұрақты сұраныс бар екенін көрсеткен.
Зерттеу 2026 жылғы шілде–тамыз айларында телефон арқылы сұхбат алу әдісімен жүргізілді. Оған еліміздің барлық өңірінен мың кәмелетке толған тұрғын қатысты. Іріктеу кезінде респонденттердің жынысы, жасы, өңірі және елді мекен түрі ескерілген.
В Атырау +31.7