Атырау, 7 қыркүйек 12:39
 дождьВ Атырау +25.2
$ 456.56
€ 530.52
₽ 5.28

Алматы дәрігерлері жаңа туған нәрестенің бойынан салмағы екі келі болатын ісікті алып тастады

66 рет қаралды

Алматылық хирургтер жаңа туған нәрестеге күрделі ота жасап, оның өмірін сақтап қалды. Сәбидің дене салмағының тең жартысын құраған туа біткен алып ісік оның өмір сүруіне тікелей қауіп төндірген еді.

Қыз бала 18 тамызда жүктіліктің 34-аптасында кесарь тілігі арқылы дүниеге келді. Оның туған кездегі жалпы салмағы төрт келіден асқанымен, сегізкөз-құйымшақ тұсында екі келілік үлкен түзіліс болған. Перзентханадан бірден Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығына ауыстырылған нәрестеге келесі күні-ақ ота жасалды.

Екі сағаттан астам уақытқа созылған хирургиялық араласу кезінде дәрігерлер ісікті толық сылып тастап, бірден эстетикалық қалпына келтіру пластикасын жүргізді.

«Сегізкөз-құйымшақ аймағында орналасқан тератоманың құрамында сүйек, жұмсақ тіндер мен кистозды қуыстар болды. Бұл – біздің тәжірибеміздегі ең күрделі оталардың бірі. Ісіктің салмағы екі келіге жетті, яғни нәрестенің өз салмағымен бірдей. Тігіс орны білінбейтіндей етіп қалпына келтірілді, болашақта бұл балаға ешқандай қолайсыздық тудырмайды. Қазір жағдайы жақсы, үйіне шығаруға дайындап жатырмыз», – деді орталықтың бөлімше меңгерушісі, хирург Саматбек Мырзахмет.

Күрделі отаны хирург Саматбек Мырзахмет, ассистент Бегалы Төребек және анестезиолог-реаниматолог Ұлықпан Әлсеитов орындады. Ал отадан кейінгі кезеңде нәрестені емдеуші дәрігерлер Айжан Сексенбаева мен Едгор Сайдакбаров бақылауға алды.

Алау есімді сәби – отбасыдағы төрт ұлдан кейін дүниеге келген көптен күткен қыз. Анасы Аяжанның айтуынша, туа біткен ақау жүктіліктің 20-аптасындағы скрининг кезінде анықталған. Ата-анасы мен дәрігерлердің бірлескен жіті бақылауының арқасында жүктілікті сақтап қалу мүмкін болды.

Мамандардың сөзінше, сегізкөз-құйымшақ тератомасы – ана құрсағында қалыптасатын туа біткен түзіліс. Мұндай ісіктер алғашқы алты айда қатерлі түріне өтіп кетуі мүмкін болғандықтан, бала туған бойда созбалаңға салмай ота жасау талап етіледі.

Жыл басынан бері Алматы Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының жаңа туған нәрестелер бөліміне 96 бала түскен, олардың 72-сіне осылайша хирургиялық ем көрсетілді.

Бүгін, 11:53

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.