Атырау, 31 тамыз 20:25
 дождьВ Атырау +25.4
$ 464.77
€ 541.36
₽ 5.41

Атыраудың іргесіндегі ауылда мал қырылып жатыр: өлім себебі әзірге жұмбақ

122 рет қаралды
 almaty.tv
almaty.tv видеосынан стоп-кадр

Кеңөзек ауылдық округінде мал қырыла бастады. Фермерлер малы неден өліп жатқанын білмей дал. Мал өлімінің нақты себебі әлі анықталмай отыр. Олардың сөзінше, былтыр да ауылда ондаған мал өлген. Ол кезде де малдың қай індеттен өлгені нақты белгісіз. Бүгінде малынан біртіндеп айрылып, шығынға батып жатқан фермерлер жергілікті биліктен мал ауруының диагнозын анықтауға қолғабыс етуді сұрайды. 

Қалыбай Жиенбаевтың биыл 19 сиыры өлген. Оның сөзінше, көршілерінің де малы өліп жатыр. Бір қожалықтың 13 сиыры өлсе, басқаларында үш-бес малдан өліп жатыр. Кеше тағы бір фермердің екі бұзауы өлгенін естіген.

- Біз өткен жұмада мәселемізді айтып, ауылда жиналдық. Себебі былтыр да ауылда бір жерде мал өлімі болған. Ол кезде әкімдіктен де, ветеринария инспекциясынан да мамандар келді. Комиссия құрылды, бірақ диагноз нақты қойылмады. Биыл ауру таралып жатыр, осыған алаңдап отырмыз, - дейді фермер Жиенбаев.

Мал өнімін сатып күн көріп отырған ол 19 сиырынан айрылып, 8 млн теңге шығын көріп отырғанын айтады. Шығынды сиыр малының нарықтағы ең төменгі бағасымен есептеп шығарған.

- Қазір сиырдың ең төменгі бағасы - 400 мың теңге. Шығынымды 8 млн теңгеге бағалап отырмын. Біз бұл ауру адамға жұқпалы ма, жұқпалы емес пе, соны білмей отырмыз ғой. Бізге диагнозын анықтап берсе, емдеп алсақ дейміз ғой малымызды, - дейді фермер.

Ол мал өрістен келген соң қорада жатып өліп қалып тұрғанын айтып отыр. Ауылда мал өлімі тоқтамаған соң фермерлер қорадағы малының ауру белгісін жіті бақылай бастаған.

- Таңертең алтыдан бастап малдың жағдайын байқайтын болдық. Кішкене әлсіреп, тойынбаған болады. Сосын сұйық дәретіне мән береміз. Қан араласқан сұйық дәретін көрсек, мал дәрігеріне хабар береміз. Осыған дейін мен өз ақшама малымды пастереллез, лептоспироз аурулары жұқпады ма екен деп тексерттім. Бұл аурудар расталмады. Одан бөлек, таскене шақпады ма екен деп қанын талдауға жібердім, ол да теріске шықты. Мал ішетін судан да сынама алынды. Одан да ештеңе шықпады. Біз диагноз нақты тауып беруді талап етеміз, - дейді фермер.   

Фермерлердің сөзінше, нақты диагноз қойылса, соған сәйкес ем-дом жүргізуге болар еді. Солардың бірі - Еркін Шарипов. Оның айтуынша, былтыр оның 20 шақты малы өлген. Алайда сол малдың біреуінен ғана «қарасан» деген диагноз анықталған. Бұл - соңғы өлген малы. Одан тірі кезінде қан алынып, зертханаға жіберілген. Сол кезде аурудың нақты диагнозы белгілі болған. 

Ал қалған малдардың неден өлгенін анықтау мүмкін болмаған. 

Еркін Шариповке диагнозы белгілі малының өлімі үшін шамамен 400 мың теңге көлемінде өтемақы төленген. Жергілікті ауыл әкімдігі де малдың неден өлгені анықталған жағдайда ғана өтемақы мәселесі қаралатынын айтқан. Онда да өтемақы белгілі бір диагноздар бойынша ғана төленеді. 

Еркін Шариповтың айтуынша, биыл да ауылдастарының малы бірінен соң бірі қырылып жатыр. Ол мал өлімінің нақты себебін анықтауға көмектесуді сұрайды.

- Өйткені диагноз қойылмайынша, аурудың алдын алу немесе қалған малды емдеу қиын, - дейді фермер. 

Оның сөзінше, өрістен келген мал көп ауырмай өліп кетіп жатыр.

- Мен зауыттан ба деп ойлап едім, бірақ нақты айта алмаймын. Былтыр мал өліп, тексеріс жүргенде, талдау қорытындысын мал жайылған жердегі су да, шөп те таза деп шығарып берді. Мал өрістен келген соң не өрісте өліп қалады. Мал дәрігерлері де жұмыс істеп жатыр, бірақ диагноз қоя алмай тұр ғой. Мал тірі кезде қан алып, талдауға зертханаға жіберіледі. Бірақ, үлгертпей өліп кетіп тұр ғой, - дейді Шарипов. 

Кеңөзек ауылдық округі әкімі Эдуард Оспановтың бұған дейін әріптестерімізге берген жауабына сәйкес, мал індеті әлі анықталмаған. Өтемақы қауіпті індет расталғанда ғана төленеді. Мал індетін анықтау үшін қосымша зерттеулер жүргізілмек.

Оның айтуынша, өткен аптада жергілікті әкімдік тарапынан енді мал ауырған жағдайда оның фото мен видеосын есеп ретінде жолдап отыру келісілді. Сол кезде мал өлімі бойынша акт жасақталып, ресми тіркеліп отырады. Жиенбаевтың айтуынша, қырылған 19 сиырдың ішінде әзірге ресми түрде тек бесеуі ғана тіркелген.

- Бізге әкімдік өкілі өлген малды өздіктеріңнен көмбеңдер деді. Мен өзім ветеринария мамандығын оқыдым. Малды көміп отырғаным жоқ, ол жұқпалы ауру болса, жерге тарап кетеді. Қазіргі уақытқа дейін менің тек бес малымның өлгені жөнінде акт жасақталды. Қалғанын өртедім. Шынымды айтсам, мен шығыннан шаршап кеттім, - деген қынжылысын білдірді фермер Жиенбаев.

Мал ауыра бастағаннан кейін Жиенбаев өз шаруашылығындағы өнімді сатуды тоқтатқанын айтты.

Оның сөзінше, малға қарсы егілетін вакцинадан басқа дәрі-дәрмекті өздері сатып алады. Өзі індет мал жайылған өрістен емес, ауадан келді деп топшылайды. Ол малы ауырғалы бері өнімін сатуын тоқтатқанын, тек сүтінен ірімшік жасап жатқанын айтты.

Атырау қалалық ветеринариялық станциясы басшысы Ықылас Азаматов «Ақ Жайыққа» берген мәліметінде Кеңөзек ауылдық округіндегі малдың қырылу себептері қазір анықталып жатқанын айтты. Зерттелген сынамалар аса қауіпті жұқпалы ауруларға теріс нәтиже көрсеткен.

-  Мал ауруының себебін анықтау жұмыстары ары қарай жүргізіледі. Облыстық, қалалық әкімдік және аумақтық инспекция мамандары Кеңөзек ауылдық округі тұрғындары және шаруашылық басшыларымен кездесу ұйымдастырып, тиісті түсіндірме жұмыстарын жүргізді, - деп хабарлады Азаматов. 

Оның айтуынша, бұл әзірге қалалық ветеринарлық зертхананың алдын ала нәтижелері ғана. 1 қыркүйекте алынған сынамалар қосымша зерттеу үшін Астанаға жіберіледі.

- Қосымша тексеру жұмыстарының нәтижесі алынған соң тағы да қосымша хабарлаймыз, — деді ветеринарлық станция басшысы.

Айнұр САПАРОВА

Бүгін, 19:11

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.