Атырау, 11 желтоқсан 14:51
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 508.05
€ 534.82
₽ 5.06

Табыс болса, салық та бар

2 683 просмотра

- Мен шет тілдерді оқыту курсында оқытушы болып штаттан тыс жұмыс жасаймын, жасаған нақты сағатым бойынша ғана жалақы аламын, штаттық жалақы төлемейді, алайда табыс салығы мен зейнетақылық аударымдар ұстайды. Бұған дейін штаттық қызметкер болып жұмыс жасағанмын, ал қазір штаттан тыс еңбек етемін. Шартқа әлі қол қойған жоқпын, салық төлеуден бас тарта аламын ба?

Сұраққа «Слово Защиты» адвокаттық кеңсесінің заңгері Асылан ЖОЛБОЛОВ жауап береді:

- Міндетті табыс салығы мен зейнетақылық аударымдардан бас тартуға болмайды. Оқырман еңбек шартына қол қоймаса да, жұмыс жасап жатқаны туралы, яғни жұмыс берушімен еңбек қарым-қатынасында болғанын айтып кетті. ҚР Салық Кодексінің 155-бабында жеке тұлғалар жеке табыс салығын төлеуге міндетті табыстар түріне «төлем көзінен салық салынатын табыстар» кіреді деп жазылған.

Осы Салық Кодексінің 160-бабында| төлем көзінен салық салынатын табыстарға жататын табыстардың тізбесі берілген. Осы табыстардың бірі қызметкердің табысы, яғни жалақысы болып табылады.

Бұл туралы Салық Кодексінің 163-бабы 2-тармағында да айтылады -  еңбек қарым-қатынастары кезінде жұмыс берушіден ақшалай немесе заттай нысанда алған кез келген табыстары қызметкердің салық салуға тиісті табыстары болып табылады.

Зейнетақылық аударымдар турасына келсек, «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңның 24-бабына сәйкес бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қорына міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын осы Заңда белгіленген мөлшерлемелер бойынша төлеуі тиіс деп көрсетілген. 

Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қорына міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеуден зейнеткерлік жасқа жеткен адамдар, егер мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленсе, І және ІІ топтағы мүгедектігі бар адамдар, әскери қызметшілер, құқық қорғау органдарының арнайы атақтар, сыныптық шендер берілген қызметкерлері, арнаулы атақтар, сыныптық шендер алу және нысанды киім киіп жүру құқықтары 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап жойылған адамдар босатылады.

Бірыңғай зейнетақы жинақ-таушы қорына төленетін міндетті зейнетақы жарналарының мөлшерлемесі қызметкердің айлық табысының 10%-ы мөлшерінде белгіленген.

Осыған байланысты, жұмыс берушіңіздің жалақыңыздан табыс салығы мен міндетті зейнетақы жарналарын ұстауы заңды.

Еңбек шарты жасалмағаны турасына келсек, бұл жағдайда нақты еңбек шартының жоқтығы міндетті салықтық немесе зейнетақылық міндеттемелеріңізден бас тартуға негіз бола алмайды.

Еңбек шартын алу үшін жазбаша түрде жұмыс берушіңізге өтініш жазыңыз. Егер жұмыс беруші еңбек шартын жасаудан бас тартса немесе жалтарса, жұмыс берушінің үстінен прокуратура немесе мемлекеттік еңбек инспекциясы сияқты өкілетті мемлекеттік бақылаушы органдарға шағымдануға құқығыңыз бар.

7 қараша 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.