
Өткен жылдың көктемінде бұл үйлер су тасқыны кезінде екі айға жуық суда тұрған еді. Бір жылдан кейін тұрғындар жаңа мәселеге тап болды — дымқыл жертөледе жыландар пайда болды.
Жылыой ауданы Құлсары қаласындағы "Нұрлы жер" бағдарламасымен салынған көп қатарлы үйдің жертөлесінен жылан шыққалы үрейде отырмыз деген тұрғындар мазасызданып, "АЖ" редакциясынан көмек сұрайды.
"Атырау" ықшам ауданындағы 100 пәтерлік 3 үй 2023 жылдың желтоқсанында көп балалы аналарға берілген болатын. Тұрғындар екі жыл қыстағаннан кейін 2024 жылы қаланың біраз бөлігін тасқын су басқанда бұл үйлерде сырт қалмай, судың қақ ортасында екі ай тұрды. Өз үйлеріне кіре алмай босып кеткен тұрғындар қайықпен қатынауына тура келген. Су астында қалған жертөле кейін тазартылғанымен ылғал кеткен жоқ.
- Міне, жертөленің сиқы, су алып кеткен. Сасыған иістен кейін тышқандар шықты өріп. Енді жылан көбейіп, әр күнімізді қорқынышпен өткізудеміз. Түн ұйқысынан қалдық, жыланннан үрейіміз ұшып. Балаларымызды шағып алса кім жауап береді. Үйімізге қорқып кіретін болдық,-дейді Гүлназ Қашабаева.

Тұрғындар жыланның суретін түсіріп алған. Олар жыланды тек біреу емес болуы мүмкін деп қауіптенеді.
Жылан көрінгелі берекеттері кетіп отырған тұрғындар бұл жалдамалы үй болғандықтан аудандық ТҮКШ бөлімінің балансысында, солар жауапты екенін айтады.
Біз кейін аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы Арман Абдоловқа хабарласқанымызда ТЖ жыланды өлтіргенін, ал жертөле ортақ мүлік болғандықтан тұрғындар жауапты екенін, сондықтан оны тазартуға бөлім араласпайтынын ашып айтты.
Қазіргі уақытта тұрғындар мен шенеуніктер мәселені кім шешуі тиіс деген пікірде келісе алмай отыр. Ал тұрғындар а, жертөледе жаңа жыландар пайда болуы мүмкін деп қауіптенеді.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттерді түсірген автор
В Атырау +33.2