
Маңғыстау облысында Каспий итбалықтарының қырылуы апатты сипатқа ие болды. Қоғамда бұл трагедияның «табиғи себептерден» болғанына деген күмән күшейіп келеді. Ақтауда өткен арнайы баспасөз мәслихатында ғалымдар мен табиғат қорғау ведомстволарының өкілдері Қызыл кітапқа енген жануарларды нақты не құртып жатқанына жауап беруге тырысты, деп хабарлайды Lada.kz.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, теңіз сүтқоректілерінің өлім-жітім статистикасы өте қорқынышты.
Тек 2024 жылдың өзінде Маңғыстау жағалауынан 2 212 өлі итбалық табылды. Ал 2026 жылдың өткен айларында жағаға тағы 387 өлексе шығып қалған.
Өлекселер суда ұзақ уақыт жатқандықтан, қатты шіріп кеткен. Қазіргі уақытта ғалымдар қырылған итбалықтардың жасы мен жынысын анықтау үшін тек қатты тіндерді (тырнақтарын, тістері мен сүйектерін) ғана зерттей алады. Биылғы табылған өлекселер бойынша сараптаманың нақты нәтижелерін қыркүйек-қазан айларында жариялауға уәде беріп отыр.
Негізгі болжам: итбалықтар неден қырылып жатыр?
Журналистер спикерлерден экологиялық апатқа мұнайдың төгілуі мен улы ауыр металдар себеп пе деп тіке сұрады. «Каспий итбалығы» мемлекеттік резерватының директоры Самат Ерғазиев бұған дейінгі зерттеулерде жануарлардың нақты мұнай қалдықтарынан қырылу фактісі тіркелмегенін айтты.
Мамандар үш негізгі болжамды алға тартады:
Суасты жер сілкіністері және газдың бөлінуі. Облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Арман Молдашевтың айтуынша, бұл — 2024 жылғы итбалықтардың қырылуының негізгі нұсқасы. Ғалымдар сейсмикалық дүмпулер кезінде теңіз түбінен бөлінетін газдардан жануарлардың уланғанын болжайды.
Дауылдар мен ағыстар. Теңіздің өзге бөліктерінде қырылған итбалықтардың бір бөлігі Баку (Әзербайжан) жақтан соққан қатты желдің әсерінен біздің жағалауға ығысып келеді.
Инфекциялар мен вирустар. Жалпы иммунитеттің төмендеуіне байланысты итбалықтар ауруға тез шалдығады. Дегенмен, пастереллез, құс тұмауы, етқоректілердің обасы, сальмонеллез және листериозға алынған сынамалар әзірге теріс нәтиже көрсетіп отыр.
Итбалықтар балық аулау торларына тұншығып өле ме?
Қоғамда итбалықтардың балықшылардың торына оралып, жаппай қырылатыны туралы пікір кең таралған. Атқарушы билік өкілдері заңды кәсіптің жануарларға зияны жоқ деп сендіреді, өйткені лицензиясы бар балықшылар ұсақ көзді торларды пайдаланады, ал итбалық оларды «байқап, айналып өтеді».
Сонымен қатар, басты қауіп браконьерлерден төніп тұр. Олар бекіре тұқымдас балықтарды аулау үшін ірі көзді торлар құрады, оған итбалықтар түсіп, суға батып өледі. Соған қарамастан, ведомстволардың ресми мәлімдемесі бойынша, 2026 жылы итбалықтардың браконьерлік тордан қырылуы туралы нақты дерек тіркелген жоқ.
Каспийді норвегиялық технологиялар құтқара ма?
Жабайы табиғатқа түсетін салмақты азайту және теңіздегі балық аулау қайықтарының санын қысқарту үшін Маңғыстау облысы балықты жасанды түрде өсіруге (аквакультураға) басымдық беріп отыр.
Каспийде тор қоршаулар (садоктар) орнату үшін 28 учаске белгіленді.
2030 жылға қарай өңірде жасанды жағдайда 100 мың тоннаға дейін балық өндіру жоспарлануда.
Орталық Азиядағы ең ірі жобаны албырт (лосось) тұқымдас балықтарды өсірудің озық норвегиялық технологияларын енгізіп жатқан «Органик Фиш» компаниясы жүзеге асыруда.
Экологтар балық кәсіпшілігін тор қоршауларға ауыстыру Каспийді торлардан тазартуға көмектеседі және бірегей итбалықтарды жойылып кетуден сақтайды деп үміттенеді.
В Атырау +31.1