Атырау, 8 шілде 20:56
 дождьВ Атырау +23.9
$ 471.04
€ 538.54
₽ 6.17

Қазақстан цифрлық активтер нарығын реттеудің жаңа кезеңін бастады

55 рет қаралды

Ұлттық банк төрағасы Президенттің цифрлық қаржы активтерін дамыту жөніндегі Жарлығын ауқымды қадам деп атап, бұл құжат саланы кешенді жаңғыртуға жол ашатынын, ұзақ мерзімді инвестиция тартуға, капиталды локализациялауға және ұлттық инфрақұрылымды нығайтуға ерекше құқықтық әрі экономикалық жағдай жасайтынын айтты.

Жарлық криптоиндустрияны дамытуға, активтерді токенизациялауға және ұзақ мерзімді капиталды экономикаға тартуға бағытталған. Негізгі бағыттардың бірі – цифрлық активтер нарығын дәстүрлі қаржы жүйесімен интеграциялау. Ұлттық банк мемлекеттік органдармен бірге орта мерзімді даму жоспарын әзірлеп, реттеуді жетілдіру бойынша келесі қадамдарды анықтайды.

Құжат халықаралық есеп айырысуда стейблкоиндерді қолдану тетіктерін енгізуді, цифрлық активтер қызметін көрсететін компаниялардың жұмысын кеңейтуді қарастырады. Бұл инвесторлар санын арттырып, ішкі капитал нарығының өтімділігін күшейтеді және халықаралық қаржы алаңдарымен ықпалдастықты тереңдетеді.

Маңызды бағыттардың бірі – Алатау қаласында токенизацияланған экономиканың пилоттық үлгісін құру. Crypto City бастамасы аясында жер, жылжымайтын мүлік және инфрақұрылымдық жобаларға құқықтарды цифрландыру жоспарлануда. Алғашқы пилоттар биыл іске қосылуы тиіс.

«Біз цифрлық экономиканың жаңа кезеңінің табалдырығында тұрған жоқпыз, біз бұл бағытта алғашқы әрі сәтті қадамдар жасадық. Бір аптадан астам уақыт бұрын Қазақстан қор биржасы (KASE) ресми түрде сауда платформасы (криптобиржа) және цифрлық қаржы активтері платформасы мәртебесін алды. Жыл соңына дейін KASE қаржы құралдарын токенизациялау платформасын іске қосуды жоспарлап отыр, оған Ұлттық банк ноталары да кіреді. Сонымен қатар алғашқы криптобиржа лицензиясы берілді», – деді Сүлейменов.

«Qazaq Expert Club» қаржыгері Саида Тлеуленова Президент Жарлығы – Қазақстанның жаһандық цифрлық капитал үшін бәсекеге түсуге ниетті екенін көрсететін белгі деп санайды.

«Бұрын капитал тартудың негізгі драйверлері мұнай, тау-кен өнеркәсібі және инфрақұрылым болса, енді мемлекет жаңа салаға – технологияға, интеллектуалдық капиталға және қаржылық инновацияларға сүйеніп отыр. Қазақстан токенизацияланған активтер нарығында өз орнын алуға ұмтылуда. Сонымен қатар цифрлық активтер қаржылық және технологиялық қызметтердің жаңа экспорт көзіне айнала алады», – дейді ол.

Қаржыгердің пікірінше, саланы реформалау нарық қатысушылары үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.

«Бизнес үшін бұл капитал тартудың мүлде жаңа құралдарының пайда болуын білдіреді. Бұрын бағалы қағаз шығару негізінен ірі компанияларға қолжетімді болса, токенизация технологиялары капитал нарығына шығу құнын айтарлықтай төмендетеді, бұл әсіресе шағын және орта бизнес үшін маңызды. Технологиялық компаниялар үшін жаңа нарық ашылады – блокчейн инфрақұрылымын, цифрлық платформаларды, киберқауіпсіздік шешімдерін, цифрлық сәйкестендіру мен смарт-келісімшарттарды әзірлеу. Инвесторлар үшін қаржы құралдарының таңдауы кеңейіп, транзакциялық шығындар азаюы мүмкін. Заңнаманы қабылдау – тек алғашқы кезең. Келесі қадам – цифрлық қаржының толыққанды экожүйесін қалыптастыру. Инновация мен реттеу арасындағы тепе-теңдікті сақтау өте маңызды», – деп түйіндеді Тлеуленова.
Бүгін, 19:44

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.