
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі алаяқтардың азаматтардың ақшалай қаражатын жымқыру үшін психологиялық ықпал етудің түрлі тәсілдері мен заманауи технологияларды пайдалануды жалғастырып жатқанын еске салады. Алдау мақсатында қаскөйлер ұйым қызметкерлері ретінде танысып, жалған сайттар мен аккаунттар жасап, сондай-ақ фишингтік хабарламалар таратады.
Алдау қарапайым сату туралы хабарландырудан басталуы мүмкін. Азамат хабарландыруға жауап береді, ақша аударады және ештеңесіз қалады.
Алаяқтар көбінесе банк немесе полиция қызметкерлері ретінде қоңырау шалады. Олар сенімді сөйлеп, шұғылдық әсерін қалыптастырады, қауіп бар екеніне сендіріп, тез әрекет етуге мәжбүрлейді.
Сондай-ақ жалған инвестициялар белсенді түрде қолданылады – оңай табыс табуға уәде береді, қаражат салуды немесе банктік қосымшаға қол жеткізу мүмкіндігін беруді ұсынады.
Бұдан басқа, қаскөйлер фишинг әдісін қолданады – ресми сайттар мен хаттарға ұқсас жалған интернет-ресурстар мен электрондық хаттарды жасайды. Азамат сілтеме арқылы өтіп, өзінің деректерін енгізгеннен кейін, оның шотына қол жеткізу мүмкіндігі қылмыскерлердің қолына өтеді.
Көбінесе алаяқтар мессенджерлерде достарыңыздың атынан хабарлама жіберуі мүмкін – қарызға ақша сұрайды, ұтыс ойынына қатысуды немесе сауалнамадан өтуді ұсынады, содан кейін шоттан ақша есептен шығарыла бастайды.
Дербес деректер мен қаржыны қорғау үшін цифрлық гигиенаны сақтау қажет. Ешқашан SMS-тен келген кодтарды, құпиясөздерді және банк картасының деректемелерін бермеңіз. Логинді немесе құпиясөзді енгізер алдында сайттың мекенжайын міндетті түрде тексеріңіз. Қосымшаларды тек ресми дереккөздерден жүктеген жөн. Ең бастысы – егер қысым көрсетіліп жатқанын сезсеңіз немесе сізді әдейі асықтырып жатса, ақша аудармаңыз.
Өзіңізді қорғау жолдары
- SMS-тен келген кодтарды, PIN-кодтарды, банк картасының CVV-кодын және басқа да деректерді ешкімге хабарламаңыз.
- Логин мен құпиясөзді енгізер алдында сайттың мекенжайын тексеріңіз.
- Күмәнді хабарламалардағы сілтемелерге өтпеңіз.
- Қосымшаларды тек ресми қолданбалар дүкендерінен орнатыңыз.
- Қоңырау шалушы өзін полиция қызметкері немесе банк қызметкері ретінде таныстырса да, қысым көрсету арқылы ешқашан ақша аудармаңыз.
- Барлық операциялар бойынша SMS-хабарламаларды баптап, кредиттік тарихыңызды тексеріп отырыңыз.
Егер сіз алаяқтардың құрбаны болсаңыз, не істеу керек?
Егер сіз ақшаңызды немесе деректеріңізді берген болсаңыз – дереу банкке және полицияға хабарласыңыз. Неғұрлым тез әрекет етсеңіз, қаражатты қайтару және қылмыскерлерді тоқтату мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады. Толық нұсқаулық Агенттіктің сайтында қолжетімді.
Қосымша пайдалы материалдар Fingramota.kz. сайтында қолжетімді.
В Атырау +19.8