- Біздер Водников-2 ықшам ауданына ауыз су, электр жарығы, көгілдір отынның қашан қосылатыны және асфальт жолдың қашан төселетіндігі туралы білгіміз келеді. Жол бойына электр трансформаторы былтыр орнатылған еді, бірақ жарық әлі күнге берілген жоқ. Ал ауыз суды үйдегі бар ыдыстарға 3500-4000 теңгеге толтырып аламыз. Қыс болса, жақындап қалды, біз енді не істейміз, қайда барамыз?
Водников-2 ықшам аудан тұрғындары
Сұраққа Атырау қаласы әкімінің орынбасары Жұмабай ҚАРАҒАЕВ жауап берді:
- Қазіргі уақытта республикалық бюджеттен бөлінген қаражат мөлшеріне сәйкес газ құбырын жүргізу жұмыстары Водников-2 елді мекенінде 2013 жылдың мамыр айынан бастап жобалау-сметалық құжаттамасына сәйкес жүргізіліп жатыр.
Келер жылы бюджеттен қаражат бөлінген жағдайда су құбырын жүргізу үшін жобалау-сметалық құжаттамалары жасақталуы тиіс. Электр жарығын жүргізу жұмыстары толықтай аяқталып, қазіргі уақытта қосу жұмыстарына дайындық жасалып жатыр. Ал тас жол төсеу бойынша поселке көшелеріне асфальт төсеу жұмыстары жобалау-сметалық құжаттарын жасақтауды қажет ететін нысандардың тізіміне енгізіледі.