
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда кітап оқу мен тәрбиенің рөлін күшейту қажеттігін мәлімдеді, сондай-ақ әлеуметтік желілердің балаларға тигізетін кері әсері туралы ескертті.
Мемлекет басшысының айтуынша, қазіргі заманғы интернет-платформалар кәмелетке толмаған балалардың бойында психологиялық тәуелділікті қалыптастыруы мүмкін.
«Ұрпақ тәрбиесін әлеуметтік желілер мен видеосервистердің бодауына беріп қоюға болмайды. Бұл қосымша зерттеуді қажет етпейтін факт», - деп атап өтті Тоқаев.
Президенттің айтуынша, отбасы институты мен білім беру жүйесін нығайту, шын мәнінде, балаларды кітап оқуға баулумен тығыз байланысты. Жалпы, осылай болуы қажет. Қанша жерден пессимистік пікірлер айтылса да, кітап – білім бұлағы әрі тәлімгер ретінде маңызын жоя қойған жоқ.
Тоқаев таяуда еліміз Ұлттық кітап күнін екінші рет атап өтетінін еске салды. Жұртшылықтың қолдауына ие болған бұл бастама отандық баспа саласының жұмысын жүйелеп, шетелдік авторлардың өзекті, пайдалы көркем шығармаларының аударылуына түрткі болуға тиіс.
Президент қоғамда заң үстемдігі қағидатын, яғни, заңға бағыну мәдениетін түбегейлі орнықтыру қажетігін де тілге тиек етті.
"Заң мен тәртіп идеологиясы күнделікті өмірдің барлық саласында қатаң сақталуға тиіс: қоғамдық орындағы жүріс-тұрыс мәдениетінен, оның ішінде жиын-тойлардан, тұрмыстық мәдениеттен бастап, жолда көлік жүргізу мәдениетіне дейін осы мызғымас қағидатқа сай болуы керек", - деді ол.
Өкінішке қарай, Қазақстанда жыл сайын көлік апатының кесірінен, соның ішінде көп жағдайда жол қозғалысы ережесін өрескел бұзудың салдарынан мыңдаған адам көз жұмады.
"Бұған жол беруге болмайды", - деп атап өтті Президент.
Бұрын елімізде көлік апатының көптігіне жолдың нашарлығын желеу қылатын. Соңғы бірнеше жылда барлық өңірдегі жол инфрақұрылымын ауқымды түрде жаңғыртуды қолға алдық. Бірақ қайғылы оқиға азаймай тұр.
Сонымен қатар Тоқаев өркениетті ұлт болғымыз келсе, полицейлердің, дәрігерлердің, мұғалімдер мен қызмет көрсету саласы мамандарының, жалпы, адал әрі заңға бағынатын азаматтардың ар-намысына тиетін кез келген әрекетке батыл түрде тосқауыл қоюымыз қажет екенін мәлімдеді.
Президенттің пайымдауы бойынша, қоғамда заңға деген құрмет, тәртіп пен жауапкершілік құндылықтарын қалыптастыру қажет. Бұл жұмыс, әсіресе, өскелең ұрпақ — жастар арасында ерекше қарқынмен жүргізілуі тиіс.
В Атырау -10