Атырау, 26 сәуір 15:38
 ашықВ Атырау +23
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

Лаңкестікке айыпталғандар 6-дан 14 жылға дейінгі мерзімге сотталды

3 564 просмотра

Бүгін, 10 қазанда, Атырау облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта Атырау облысының тоғыз тұрғынына қатысты Қылмыстық кодекстің лаңкестік туралы баптары бойынша үкім шығарылды.

Облыстық соттың баспасөз хатшысы Боранбай ҒАЛИЕВТЫҢайтуынша, сотталушылар елімізде тыйым салынған салафиттік діни ағымды жақтаушылар боп табылады.

– Олардың барлығы ҚР ҚК-нің 233-1-бабының («Терроризмді не экстремизмді насихаттау немесе терроризм не экстремизм актісін жасауға жария түрде шақыру»), 233-2-бабында («Террористік топ құру, оған басшылық ету және оның қызметіне қатысу»), 24-баптың 1-тармағы және 233-баптың 2-тармағында («Азаматтардың өмiрi мен денсаулығына нақты қауіп төндiретін қаруды немесе қару ретiнде пайдаланылатын заттарды, жарылыс заттарын немесе жарылыс құрылғыларын қолдану»), 251- баптың 3-тармағында, сонымен қатар 252-баптың 3-бабында («Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру, ұйымдасқан топ құрамында қаруды заңсыз жасау») қарастырылған қылмыстарды жасағаны үшін кінәлі деп танылды.

Сонымен қатар, Ғалиевтың айтуынша, топ басшысы 33 жастағы Роман БАЯРИСОВ пен 30 жастағы Рамиз КИМ ҚР Қылмыстық кодексінің 131-бабында Кәмелетке толмаған адамды қылмыстықiске тарту») қарастырылған қылмысты жасауда кінәлі деп танылды.

Бұдан басқа, Рамиз Ким 121-бабында («Нәпсіқұмарлық сипаттағы күш қолдану іс-әрекеттері») және 123-бабында («Жыныстық қатынас жасауға, еркек пен еркектiң    жыныстық қатынас жасауына, әйел мен әйелдiң жыныстық қатынас жасауына немесе нәпсiқұмарлық сипаттағы өзге де iс-әрекеттерге мәжбүр ету») қарастырылған қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылды, - дейді Ғалиев.

Екеуі де бәрін қосқанда мүлкін тәркілеумен қатар 14 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.

Қылмыстық топтың кәмелетке толмаған қатысушылары Әділхан ҚЫДЫРСИХОВ пен Тұрғанбай АҚОРЫНОВ, жас ерекшеліктері ескеріліп, 6 жылға бас бостандықтарынан айырылды.

Топтың басқа мүшелері (18-ден 23-ке дейінгі жаста) – В. КИМ, Ж. ІЗІМ, Д. БОЛАТҰЛЫ, Р. ЗИЯШЕВ пен А. ЗЕЙНЕТОЛЛАЕВ – мүлкін тәркілеумен қатар 8-ден 9 жылға дейінгі мерзімде бас бостандығынан айыру жазасын алды.  

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ, сотталушылардың 15 күн ішінде үкімге шағымдануға құқықтары бар.

Естеріңізге салсақ, биылғы жылдың ақпанында Атырау облысының прокуратурасы «Атырау облысының құқыққорғау және арнайы органдары өңірдегі құқыққорғау органдарының қызметкерлеріне қарсы бірқатар лаңкестік актілерін жасауды жоспарлаған лаңкестік топты анықтап, залалсыздандырды» деген хабарлама таратқан болатын.

Топ негізінен Құрманғазы ауданының тұрғындарынан тұрады.

6 ақпанда 30 жастағы Рамиз Кимге және топтың басқа белсенді мүшелеріне қатысты ҚР ҚК-нің 233-2-бабының 2-тармағы («Террористік топ құру, оған басшылықету жәнеоныңқызметіне қатысу») бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Жұмағали ТӘШІМОВТІҢтөрағалық етуімен 24 қыркүйекте басталған сот процесі жабылды.

Сағат 14.00-де басталған үкімді жариялауға тек кәмелетке толмаған екеудің – Ә. Қыдырсихов пен Т. Ақорыновтың аналары ғана қатысты. Қалғандардың аналары, балалары мен әйелдері және басқа да туыстары облыстық сот ғимараты қоршауының сыртында тұрды.  

Үкім шығарылғаннан кейін Әділхан Қыдырсиховтың анасы Шаттық ҚАБДОЛОВА былай деді:

Ұлымның жасы бар болғаны 16-да. Оны лаңкестікке қатысы бар деп соттап отыр, бірақ оған еш дәлел жоқ. Алайда істі 9 айға созды, егер дәлел болса, бірден соттар еді ғой. Мен процесске басынан бастап аяғына дейін қатыстым, ұлымның лаңкестікке қатыстылығына ешқандай дәлел жоқ. Соған қарамастан оған 6 жыл берді. Бұл шешімді әділетсіз деп есептеймін.

Мәруса ӘБДІРОВА, 17 жастағы Тұрғанбай Ақорыновтың анасы:

Менің ұлымды ұрып‑соғып, осылайша бүкіл айыптауларды мойындауға мәжбүрлеген. Оны намаз оқығаны үшін қамап отыр.

Бибігүл БАЯРИСОВА, 33 жастағы Роман Баярисовтің әпкесі:

Інімнің артында кішкентай үш баласы, ата-анасы қалды. Кемпір-шалдың үйін қопарып, бір күкіртті тауып алған, інімнің мойнына іліп тастады. Мен бұл айыптаумен келіспеймін, әділдікке қол жеткізгім келеді.

Гүлсара ХАБИБУЛЛИНА, Райымбек Зияшевтың анасы:

Менің екі ұлымды ҰҚКД қызметкерлері таңертең ұйықтап жатқан жерінен алып кетті. Біреуін үш күн ұстап қамаудан босатып жіберді, ал екінші баламды алып қалды. Бір айдан кейін тергеу изоляторына барғанда балам маған: «апа, мені ұрып-соғып, мойындаттырды» деді. Ал прокурорлар сотта оларды ұрып-соққандығы туралы дәлел жоқ деп отыр. Дәлел қайдан болады? Бізге тек бір айдан кейін ғана кездесуге рұқсат берді ғой. Ал дәрігерлерді ол жерге кіргізбейді. Менің ұлымды тек ол намаз оқығаны үшін ғана 8 жылға соттап отыр. Әділдік қайда? Әділдікті талап етеміз, жоғарғы сот сатыларына шағымданамыз. Егер жастардың бәрін лаңкестік үшін қамай берсе, олардың өмірі не болады алға қарай?

Сотталушылардың барлығы дерлік Ганюшкин поселкесінің тұрғындары. Олардың ата-аналары бір-бірін таниды. Олар балаларының бес уақыт намаз оқитынын мойындайды, бірақ балаларының лаңкестікке қатысы барын жоққа шығарып отыр.

Бұл биылғы жылдағы терроризм бойынша өтіп жатқан үшінші сот процесі. Атырау облысында жыл басынан бері осы бап бойынша 27 адам сотталған еді.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

10 қазан 2013, 20:52

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.