5 қазан күні Атырауда қала тарихында алғаш рет әлеуметтік желілерде өздерін «Урбанистер бірлестігі» деп атайтын шағын энтузиастар тобы жаппай веложарыс ұйымдастырды.
«Веломәдениетті көпшілікке тарату» - веложарыстың идеясын қысқаша осылай түсіндіруге болады: «бірлестік мүшелері» Атыраудың велосипедшілерге де, жаяу жүргіншілерге де, көлік жүргізушілерге де ыңғайлы қала болғанын қалайды, ал бұған адамдардың бір-біріне деген сыйластығынсыз қол жеткізу мүмкін емес. Ұйымдастырушылар осындай ерекше мәнерде Атырауды қала күнімен құттықтап қана қоймай, қалалықтарға велосипедте отырғанның көлік жүргізгеннен гөрі пайдалы екендігін көрсеткілері келген, себебі велосипед адамның денсаулығы, жалпы қала үшін де өте пайдалы: пайдаланылатын газ мөлшері азайып, ауа тазара түседі.
- Мәселе бізде инфрақұрылымның дамымағанында болып тұр. Велосипедшілерге жол бойында жүру қиын, олар көбіне жағалау бойымен қозғалады, бірақ ол өздеріне де, жаяу жүргіншілерге де қолайсыздық тудырады. Сондықтан біз Атырауда велосипед жолдарының картасын дайындауды жоспарлап отырмыз, яғни, көліктер мен жаяу жүргіншілердің ең көп қозғалатын орындарымен түйіспейтіндей, ең ыңғайлы деген маршруттарды таңдаймыз,- дейді веложарысты ұйымдастырушылардың бірі Нұрлан ЕСМҰХАНОВ.
Айтпақшы, веложарысқа қатысушылар қаладағы ең ыңғайлы деген маршрутты таңдапты: велошабандоздар тобы Жеңіс саябағынан бастау алып, католик шіркеуін айналып, жағалауға шықты. Бірақ жарыстың мәресі – облыстық әкімдікке жету үшін резиденция маңында қаптаған тұрғын үйлердің арасымен жүруге тура келді. Өкінішке орай, мекемелер мен жеке адамдардың жағалауға шығатын жерлерді қоршап алуы тек велосипедшілердің ғана емес, бүкіл қалалықтардың көңіліне кірбің түсіретін мәселеге айналып отыр.
Ауа райының суықтығы мен қатты желге қарамастан веложарысқа, шамамен, 200 адам қатысты. Олардың көпшілігі – шетелдік компаниялар қызметкерлері. Өздерінің «великтері» жоқ жандар да, екі дөңгелекті велосипедке отыра алмайтындар да жарысқа қатысуға мүмкіндік алды – арнайы жарыс үшін ұйымдастырушылар бірнеше велосипедтерді жалға берді, оның ішінде үш дөңгелектілері де болды.
Зульфия ИСКАЛИЕВА