
Археологиялық қазба жұмыстары барысында ғалымдар металл қазандарға жиі тап болады. Бұл бұйымдар қола дәуірден бастап орта ғасырға дейінгі кезеңде көне қауымдардың тұрмыс-тіршілігін, шаруашылығын және діни түсініктерін бейнелеген. Осындай бірегей қазанды Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері нағыз жәдігер деп атайды.
Миялы қорғандар тобы — Батыс Қазақстандағы сармат дәуіріне жататын ең көрнекті әрі маңызды археологиялық кешендердің бірі. Ол Қызылқоға ауданында, аудан орталығы Миялы ауылынан шамамен үш шақырым жерде орналасқан. Дәл осы жерде музей мамандары 2017 жылы алғаш рет қазба жұмыстарын бастаған. Қорғандар бұрын тоналғанына қарамастан, зерттеу нәтижесінде көптеген құнды олжалар табылды.
Әскери жарақтардың бөліктері, тұрмыстық заттар және аң стилінде жасалған әсем әшекейлер Каспий теңізі жағалауында сол кезеңде өмір сүрген көшпелілердің мәдени деңгейінің жоғары, қолөнерінің дамығанын айғақтайды. Сонымен қатар, бұл жерден сармат дәуіріне тән жерлеу орны анықталды. Ол болжам бойынша ерте темір дәуіріне жатады. Ерекше назар аударарлығы – адам қорғанда эмбрион қалпында жерленген, мұндай жерлеу түрі Атырау облысы аумағында сирек кездеседі. Ал жақсы сақталған, бұрын табылған қазандардан мүлде өзгеше қола қазан музей экспонаттарының алтын қорына енді.
Музейдің экскурсиялық-көпшілік жұмыс бөлімінің меңгерушісі Ғалия Назарбекованың айтуынша, қазан жартылай шар пішіндес, іші қуыс, жартылай сақталған конус тәрізді тұғырға орнатылған. Оның жалпы биіктігі — 23 см, ал ернеуінің ең үлкен диаметрі — 19 см. Бұйымның айрықша ерекшелігі — жануар бейнесінде жасалған төрт құлағы. Оның екеуі қазанның ішіне үңіліп тұрған жылқы бейнесінде, ал қалған екеуі антилопа немесе ақбөкенге ұқсайды.
Айта кету керек, көне сарматтардың жерлеу рәсімінде қазандар ең алдымен ритуалдық және символдық мәнге ие болған.
Біріншіден, олар ас пен от культімен байланысты. Қазан өмір күшін, молшылықты және о дүниедегі тіршіліктің жалғасуын білдірген. Марқұмға арғы дүниеде де ас қажет болады деп сеніп, тағам дайындайтын ыдыс бірге көмілген.
Екіншіден, қазан жерленген адамның әлеуметтік мәртебесін көрсеткен. Мұндай заттар көбіне ақсүйектердің, көсемдердің немесе жауынгерлердің қабіріне қойылған. Себебі металл қазан — билік пен қауымдық ас беру дәстүрімен байланысты қымбат әрі беделді бұйым саналған.
Үшіншіден, қазандар діни-ғұрыптық мақсатта қолданылған. Көшпелі халықтарда олар құрбандық шалу мен салт-жоралғыларда пайдаланылғандықтан, қабірге қою марқұмды қорғау әрі ата-баба рухтарымен байланыс орнату құралы деп қабылданған.
Осылайша, сармат дәуіріндегі жерлеу орындарындағы қазан жай ғана тұрмыстық зат емес, сенім-нанымдардың, әлеуметтік дәреженің және о дүниеге деген көзқарастың маңызды нышаны болған.
Лев ГУЗИКОВ
Суреттерді музей қоры ұсынды
В Атырау 0 




